АҚШ Иаков Воронцовты діни сеніміне байланысты қудаланған адамдардың тізіміне енгізді

Ulysmedia
Facebook/Иаков Воронцов

АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөніндегі мемлекеттік комиссиясы (USCIRF) діни дәрежесінен айырылған православ шіркеуінің бұрынғы қызметшісі Иаков Воронцовты сеніміне байланысты қудаланған адамдардың халықаралық тізіміне енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Яков Воронцов діни қызметі мен жетекшілік рөлі үшін қудаланған. 2025 жылы ақпанда тіркелмеген православ шіркеуінің священнигі Воронцовты түнгі рейд кезінде үйінен тұтқындаған. Воронцов Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ашық сынап, оны «христиандыққа жат әрекет» деп атаған», – деп жазылған USCIRF сайтында.

Контекст

Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталған. Алматының әкімшілік соты оны «есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс пайдаланғаны үшін» кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамаған. 5 наурызда апелляциялық сот оны абақтыда қалдырған. Воронцов кемінде 23 сәуірге дейін қамауда болады.

Воронцовтың үстінен «Есірткі притонын ұстау» (302-бап) және «Есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтау» (296-бап) бойынша іс қозғалған.

Сол кезде полиция «есірткі притонын ұйымдастыру» фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған.

Иаков Воронцов тағылған айыппен келіспейді. Ол абақтыдан жазған хатында тағылған айып пен өзінің қамалуын саяси ұстанымымен байланыстырған.

«Менің үйімде ешқашан да, еш уақытта да қандай да бір притон болған емес. Маған рухани жұбаныш пен ізгі сөз іздеп әртүрлі адамдар келетін. Олар әңгімелесу, бірге дұға ету үшін, менің пікірлес, сенімдес жандарым ретінде келетін. Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Менің ойымша, ол әдейі тасталған. Мұның бәрі — мені жазалау және абыройымды түсіру мақсатында жасалған әрекет», — деген ол хатында.

Воронцов бұған дейін де ашық саяси мәлімдемелерінен кейін қудалауға ұшыраған. Атап айтқанда, ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алып, Қазақстанда тәуелсіз православ шіркеуін құру бастамасын көтерген болатын.