Павлодар облысында ферроқорытпа зауытының мұржасы құлады

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында қатты боран соғып, Ақсу ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехының аумағындағы мұржаның бір бөлігі құлады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Павлодар облыстық төтенше жағдай департаменті және кәсіпорын әкімшілігінің хабарлауынша, оқиға 10 наурызда болған. Мұржаның құлауынан ешкім зардап шекпеген. 

Зауыт өкілдерінің айтуынша, оқиға «Қазхром» трансұлттық компаниясы бөлімшесінің жұмысына айтарлықтай әсер етпеген.

«Оқиға өндіріс процесіне әсер еткен жоқ. Аталған нысан техникалық тексеруден уақытында – 2023 жылы өткен» деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі. 

Зауытта ерекше бақылау режимі енгізілген. Синоптиктер боран әлі басылмайтынын ескертті.

Қазіргі уақытта мамандардың оқиғаның салдарын бағалап, бөлшектерге демонтаж жасау және инфрақұрылымды қалпына келтіру жоспарын әзірлеп жатқаны хабарланды.