Чемпиондық титулынан айырылған Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
instagram

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы чемпиондық белбеуі енді бос екенін мәлімдеді. Яғни қазіргі уақытта бұл нұсқа бойынша әлем чемпионы жоқ​​​​​​, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мұндай шешім федерация ережесіне байланысты қабылданған. IBF талаптарына сәйкес, чемпион титулды жеңіп алғаннан кейін ең көбі тоғыз ай ішінде міндетті қорғаныс жекпе-жегін өткізуі тиіс.

Әлімханұлы үшін бұл мерзім 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін болған. Алайда осы уақыт аралығында жекпе-жек өткізу мүмкін болмағандықтан, федерация оның чемпиондық белбеуін қайтарып алу туралы шешім қабылдады.

БОКСШЫ НЕ ДЕЙДІ

Жәнібек Әлімханұлы осы жаңалыққа байланысты мәлімдеме жасады. 

- Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! 1 титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса 8 айдан соң рингке шығамын! Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпен шауып біте алмайды! Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды! Біз әлі аяқтамадық, меніңше бәрі енді басталатын сияқты!, – дейді боксшы. 

Әлімханұлы допингке қарсы екенін атап өтті. 

- Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті! Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі! Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет, – дейді Жәнібек.