"Қазақ тәуелсіздігін сақтап қала алмайды" - ақынның сынаны депутаттар жауап берді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Бірқатар мәжіліс депутаттары ақын Танагөз Толқынқызының қазақ қоғамы туралы жазбасына пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

- Танагөз – қазақтың маңдайына біткен ақын қызы. Әркімнің пікір білдіруге құқығы бар. Қандай да бір оғаштық көріп тұрған жоқпын. Ішіндегі сөз 100 пайыз өтірік болса, онда біреу бетіне басатын еді, – дейді депутат Ринат Зайыт.

Жигули Дайрабаев “оның бәрі бос сөз” дейді. 

- Біздің мемлекеттің болашағы өте жоғары. Қазақты бір-біріне олай қорламаңдар. Мемлекеттің болашағы жастарда. Қазақ мықты, бір болуы керек. Бос сөзді доғару керек, насихат жасамау керек, – дейді депутат. 

Ал депутат Айдос Сарым бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Неге екенін сұрағанымызда “айтқым келмейді” деп құтылды. 

- Жалпы ұлттың тәуелсіздігімен ойнауға болмайды. Алаш қайраткерлері қыналай қырылып жатқан кезде, біз тәуелсіздігімізден айырылып қаламыз деген жоқ қой. Қоғамдағы қордаланған мәселелерге ой айту, пікір айту – ол басқа мәселе, – дейді депутат Аманжол Әлтай. 

Депутат Мұрат Әбенов қоғамда мұндай пікір айту – жауыңның қолына қару бергенмен тең екенін айтады. 

- Өз-өзімізді ұлт емеспіз, мемлекет құра алмаймыз, қоғам болып қалыптаспадық деп айту қазіргі геосаяси жағдайда өзімізге үлкен қауіп. Басқа жауларымыздың қолына қару беріп тұрмыз, – дейді депутат Мұрат Әбенов. 

КОНТЕКСТ

Еске салайық, әлеуметтік желілерде ақын Танагөз Толқынқызының қазақ қоғамы туралы жазбасы қызу талқыланған еді

Ақын Facebook-тегі парақшасында қазақ қоғамына қатысты сыни пікір білдіріп, елдің қазіргі жағдайына баға берген. Жазбада ол қазақтарды "принципі жоқ", "құлдық сана қалыптасқан" қоғам деп сипаттады.