Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы сауда ережелерінің өзгеруіне байланысты Ресей мен Беларусьтен импортталған көлік құралдарына қайта өңдеу алымын көтеруді көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қайта өңдеу алымы есептеу әдіснамасына түзетулер енгізу туралы бұйрық жобасын Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі қаңтар айында жарияланып, баспасөзде хабарланды. Алайда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың 10 наурызда өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап ретінде берген түсініктесі ресейлік БАҚ-та кеңінен резонанс тудырды.
- Бұйрыққа әлі қол қойылған жоқ. Бұл - біздің министрлік пен Экология министрлігі арасындағы бірлескен бұйрық. Біз мұнда Ресей нарығы үшін ешқандай жаңа өзгерістер енгізбейміз, біз жай ғана аталған жайтқа кері жауап беріп отырмыз. Ресейде біздің автокөліктеріміз үшін қайта өңдеу алымы он есеге өсті және 2029-2030 жылдарға дейін прогрессивті шкала да бар. Сондықтан біздің ұстанымымыз айқын. Біз Ресей Федерациясының ұстанымына кері жауап қайтарудамыз, - деді Е. Нағаспаев.
Құжат Ресей мен Беларусьтен импортталған көлік құралдарына қолданыстағы қайта өңдеу алымының мөлшерлемелеріне өсу коэффициенті қолдануды қарастырады. Бұл ретте Армения мен Қырғызстаннан, сондай-ақ ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден келген көлік құралдарына арналған мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады.
Үкіметтің шешімін Қазақстанның Автокөлік Одағы қолдап, ұсынылып отырған шаралардың кері жауап сипатында екенін атап өтті.
- 2025 жылдың басынан бері ЕАЭО елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан Ресейге автокөліктерді импорттау қайта өңдеу алымдарының өсуіне байланысты сегіз есе қымбаттады. 2025 жылдың желтоқсанынан бастап Ресей импорттық тарифтерді көтеруді жалғастырды. Бұл одақ ішіндегі тепе-теңдікті айтарлықтай өзгертті. Қазақстан іс жүзінде өз ережелерін жаңа жағдайларға бейімдеуге мәжбүр. Ұсынылған шаралар тек Ресей мен Беларусьтен келетін автокөліктерге ғана қолданылады және туындаған теңгерімсіздікті жоюға, сұр импорттық схемаларды шектеуге бағытталған, - деді ҚAO президенті Анар Макашева.
Қайта өңдеу алымы Қазақстанда 2016 жылдан бері қолданысқа енгізіліп, автокөлік нарығын реттейтін негізгі құралдардың біріне айналды. Сыншылар оның импорттық автокөліктердің бағасына әсерін айтса, тиісті өнеркәсіп саласы автопарктың жаңаруы мен отандық өндірістің дамуын ынталандыру секілді басқа артықшылығын атап өтуде.
Қайта өңдеу алымы - ресми импорттаушылар, өндірушілер және жеке тұлғалар төлейтін бір реттік төлем. Қаражаттың алушысы - Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Жасыл Даму» АҚ еншілес кәсіпорны. Қазақстандық автоөндірушілерге төленген қайта өңдеу алым сомасын қайтарып алу механизмі қарастырылған. Бұл дегеніміз аталған алым Қазақстанда жасалған көліктердің бағасына кірмейді және тұтышуға арналған бағаға әсер етпейді.
Соңғы жылдардағы деректер ел ішіндегі автопарктің біртіндеп жаңарып келе жатқанын көрсетеді. ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметтері бойынша, утиль алым енгізілгеннен кейін 10 жылдан асқан көліктердің үлесі азайған, ал 3 жылдан асқан көліктердің үлесі артқан.
Сонымен қатар, елімізде автокөлік өндірісінің дамуы жеделдеді. Егер 2016 жылы Қазақстанда жалпы құны 71,1 млрд теңгеге жуық 11 мыңға жуық автокөлік өндірілсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 171,1 мыңға аса жеңіл және жүк автокөліктері, сондай-ақ автобустар шығарылды. Өндірілген өнімнің жалпы құны 2,3 трлн теңгеден асты. Осылайша, тоғыз жыл ішінде өндіріс көлемі 15,5 есеге артып, ал ақшалай түрде 32 есеге өсті.
Өндірістің артуы автокомпоненттер өнеркәсібінің дамуына түрткі болды. Алматыда автокөлік орындықтары, резеңке төсеніштер және мультимедиялық жүйелер өндірісі жолға қойылды. Бояу және лак өндірісінің жобасы жүзеге асуда, сондай-ақ пластикалық бөлшектерді, жылыту және ауа баптау жүйелерін, еден жабындарын және газ шығару жүйелерін локализациялау жоспарланған. Талдықорғанда аккумуляторлар,Саранда дөңгелектер шығарылады. Қостанай облысында қозғалтқыштың құйылмалы бөлшектері және белдеме арқалықтар локализацияланды. Бампер, орындық және газ шығару жүйесін өндіретін кәсіпорындар осында салынып жатыр. Сондай-ақ автокөлік сымдарын шығару жобасы дайындалуда.
Бүгінгі таңда Қазақстанның автокөлік өнеркәсібінде 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 62,2%-ға көп.