Лукашенко Тоқаевты Минскке шақырды

Ulysmedia
фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко телефон арқылы сөйлесті. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты және Астанада өтетін алдағы кездесулерді талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НЕ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСТІ?

Беларусь президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі ел арасындағы байланыс белсенді дамып келеді. Соңғы жарты жылда үкіметтер мен парламенттер деңгейінде өзара сапарлар ұйымдастырылған.

Сондай-ақ жақын күндері өтетін іс-шаралар сөз болды. Мамыр айының соңында Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы мен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.

“Александр Лукашенко мен Қасым-Жомарт Тоқаев осы халықаралық жиындардың күн тәртібіне енгізілетін негізгі мәселелерді қарастырды”, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Жеңіс күні қарсаңында мемлекет басшылары бір-бірін құттықтады. Сонымен қатар, Лукашенко Тоқаевты Беларусь еліне ресми сапармен келуге шақырды. Минск күзде Қазақстанның премьер-министрі бастап баратын делегацияны күтетінін жеткізді.

ОТЫРЫСҚА ПУТИН ДЕ КЕЛЕДІ

Айта кетейік, бүгін Астанаға екі күндік сапармен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров келді. Саясаттанушы Марат Шибутов Сергей Лавровтың сапарының негізгі мақсаты — Ресей президенті Владимир Путинның Қазақстанға жасалатын алдағы сапарына дайындық екенін айтады.

Бұған дейін Владимир Путин мамыр айының соңында Қазақстанға келіп, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Жоғары кеңесі отырысына қатысатыны хабарланған.