Орта табыстылар ала алмайды: Қазақстанда тұрғын үй күрт қымбаттады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда тұрғын үй бағасы күн санап өсіп жатыр. Соңғы жылдары бастапқы және екінші нарықтағы үйлер де қымбаттаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МЕГОПОЛИСТЕР АЛДА

EnergyProm зерттеуінше, баға өсімі бойынша көшбасшылық әдеттегідей Астана мен Алматы қалаларына тиесілі. Бұл екі қалада жаңа тұрғын үй бағасы 120% деңгейінен асып, ел бойынша ең жоғары өсімді көрсетті.

Бұған бірнеше себеп бар: адамдар ірі қалаларға көптеп көшіп жатыр, жұмыс пен табыс табу мүмкіндігі осы қалаларда көбірек, ал инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде тұрғын үйге сұраныс ұсыныстан әлдеқайда жоғары болып, баға да тұрақты түрде өсіп жатыр.

ҚАЙТАЛАМА НАРЫҚ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Қызығы, осы уақыт ішінде қайталама нарықтағы пәтерлер жаңа үйлерге қарағанда сәл қымбатырақ болып отыр, айырмашылығы шамамен 15–30 мың теңге.

Бұл түсініксіз жағдай емес. Өйткені дайын пәтерлерге бірден көшіп кіре беруге болады, олар әдетте инфрақұрылымы қалыптасқан аудандарда орналасады және қосымша жөндеу шығынын қажет етпейді. Сол себепті сатып алушылар үшін уақыт пен артық шығынды үнемдеу маңызды болып, бағаға тікелей әсер етеді.

БІР ШАРШЫ МЕТР – 600 МЫҢ ТЕҢГЕ

2026 жылдың қаңтарында тұрғын үй нарығы маңызды межеден өтті – бір шаршы метр бағасы 600 мың теңгеден асты. Наурызда жаңа үйлердегі баға 612,3 мың теңге болса, қайталама нарықта 624,5 мың теңгеге жетті. Бұл дегеніміз, небәрі 50 шаршы метрлік пәтердің өзі 30 млн теңгеден асып кеткенін көрсетеді. Яғни тұрғын үй біртіндеп орта табыс табатын азаматтар үшін қолжетімсіз бола бастады.

ӨҢІРДЕГІ АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Ең қымбат баспана дәстүрлі түрде Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларда тіркелді. Сонымен қатар Атырау мен Өскемен де қымбат қалалар қатарына кіреді.

Ал салыстырмалы түрде қолжетімді баспана Орал, Қызылорда және Ақтөбе қалаларында байқалады. Бұл айырмашылық өңірлердің экономикалық даму деңгейі әркелкі екенін көрсетеді.

Баға өсіп жатса да, сұраныс төмендеген жоқ. Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясыдерегінше, керісінше мәмілелер саны артқан. 2025 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін сатып алу-сату көлемі екі есеге жуық өсіп, 53 мың мәмілеге жеткен. Ал 2026 жылдың наурызында 28,5 мың пәтер сатылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш болды.

Тағы да көш басында – Алматы мен Астана. Бұл қалаларда тұрғын үй тек баспана емес, инвестиция құралына айналып отыр.

ӨСІМ ТОҚТАЙ МА?

Қазіргі деректер нарықта «тыныштық» жоқ екенін көрсетеді – сұраныс та, баға да қатар өсіп жатыр. Егер урбанизация жалғасып, ипотекалық бағдарламалар сақталып, ал құрылыс қарқыны сұранысты толық өтей алмаса, бағаның жақын уақытта төмендеуі екіталай. Керісінше, Қазақстанның тұрғын үй нарығы қымбат әрі бәсекелі жаңа шынайылыққа бейімделіп бара жатқан сияқты.