Батыс Қазақстан облысында 16 жастағы қызды зорлады деп айыпталған шенеунік ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті шенеуніктің қамауға алынғанын растаған. Ол қазір тергеу изоляторында отыр.
«Қылмыстық істі облыстық ПД Тергеу басқармасы өндіріске алды. Кәмелетке толмаған қыздың әкесі айтқан қосымша мәліметтер сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тексерілді. Күдікті ұсталды», - делінген полиция мәлімдемесінде.
Контекст
Бұған дейін зардап шеккен қыздың әкесі журналистер алдына шығып, 68 жастағы шенеунік 16 жастағы қызын алдап үйіне шақырып, зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағанын айтқан. Ол күдіктіні полиция ұстап, кейіннен босатып жібергеніне, тергеудің өте баяу жүріп жатқанына шағымданған.
Полиция бастапқыда телефондағы хат алмасуларға сілтеме жасап, жыныстық қатынас «өзара келісім бойынша» болған деп мәлімдеген. Сондай-ақ қыздың анасы мен зардап шегушінің өздері шағымданудан бас тартты деген ақпарат айтылған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәжілісте өткен брифингте істі тоқтату туралы шешімнің күші жойылып, тергеу қайта басталғанын хабарлаған.