Референдум алдында не істеуге болмайды?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Бас прокуратура референдум алдында қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

15 наурызда «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал бойынша республикалық референдум өтеді.  

Қазіргі уақытта азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан референдумға байланысты үгіт жұмыстары жүргізілуде (Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 7-бабының 1-тармағы, бұдан әрі – Конституциялық заң).

Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына және Референдумды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай (Орталық референдум комиссиясының 12.02.2026 ж. № 6/10 қаулысының 3-тармағы) үгіт жүргізу 2026 жылғы 14 наурыз сағат 00:00-де аяқталады.

ТЫЙЫМ

Бұл ретте референдум қарсаңындағы күні мен референдум өткізілетін күні, яғни 2026 жылғы 14 және 15 наурызда үгіт жүргізуге тыйым салынады.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, референдум нәтижелеріне болжамдарды, референдумға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға жол берілмейді.

РЕФЕРЕНДУМ КҮНІ

Референдум күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады (Конституциялық заңның 7-1-бабы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы).

Аталған құқықтық талаптарды бұзу кінәлі тұлғалардың әкімшілік жауаптылыққа тартылуына әкеп соғады. Нақты айтқанда, 2026 жылғы 14 және 15 наурызда үгiтті жүргізгені үшін, яғни оған тыйым салынған кезеңде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК)102-бабы бойынша жауаптылық туындайды.

САУАЛНАМА

Қоғамдық пікірге сауал салудың нәтижелерін жариялағаны немесе референдум күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте оны жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 120-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылық көзделген.