Конституция бойынша дауыс беруге 54 елде учаске ашылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Орталық сайлау комиссиясында референдум кезінде шетелдегі мекемелер жанынан 54 елде 71 учаске жұмыс істейтіні хабарланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әскери-саяси жағдайдың күрделілігіне және Қазақстан азаматтарының саны аз болуына байланысты 10 елде 11 учаске ашылмайды (Иран, Израиль, Иордания, Катар, БАӘ (2 учаске), Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопия). Шетелде дауыс беретін Қазақстан азаматтарының жалпы саны 14 380 адамды құрады.

- Референдум учаскелерінде дауыс беру Токио мен Сеулде Астана уақыты бойынша сағат 03:00-де басталды. Сағат 08:00-ге дейін барлығы 23 сайлау учаскесі ашылып, онда 198 адам дауыс берді, – делінген хабарламада.

Ең соңында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы жанындағы референдум учаскесі ашылып, жабылады. Атап айтқанда, ол бүгін Астана уақыты бойынша сағат 19:00-де ашылып, ертең 16 наурызда сағат 08:00-де жабылады.

КОНТЕКСТ

Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының қатысуға құқығы бар. Сондай-ақ дауыс беру күні 18 жасқа толатын азаматтар да, егер олар өз учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізілген болса, референдумға қатыса алады.