Бүгін Қадір түні: бұл күні не істеу керек?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

17 наурызға қараған түн - Қадір түні. 

Қадір түні мына төмендегі нәрселерді орындау құпталады:

  1. Намаз оқу. 
  2. Дұға жасау. 

Қадір түні қашан болады?

Қадір түні — Рамазан айының соңғы он түнінің бірінде болады. Яғни нақты бір күн көрсетілмей, сол он түннің біріне жасырылған. Дегенмен ислам ғалымдарының пікірінше, 27-түн — Қадір түні болуы ең ықтимал уақыт.

Қадір түні міндетті түрде ұйықтамай өткізу керек пе?

Қадір түні мүмкіндігінше ұйықтамай өткізген абзал. Алайда мақсат тек ояу жүру емес. Ең бастысы — бұл түнді дұға жасап, намаз оқып, кешірім сұрап, адамдарды кешіріп, садақа беріп және ізгі амалдармен өткізу.

Қадір түні қай уақыттан басталып, қашан аяқталады?

Қадір түні күн батып, ауыз ашылған сәттен бастап таң атқанға дейін жалғасады. Кейде оны тек түнгі 12 мен 1:30 аралығы деп айтады, бірақ бұл дұрыс емес. Қадір түні бүкіл түн бойы жалғасады.

Қадір түні Қыдыр ата келеді деген рас па?

Қадір түні де, басқа түндерде де Қыдыр ата келеді деген түсінік дұрыс емес. Бұл — халық арасында тараған қате пікір. Ал бұл түнді дұға, құлшылық және игі істермен өткізген адамға Алла бір жыл бойы береке мен ырыс нәсіп етеді деп айтылады.

Етеккірі келген әйел Қадір түнінде не істей алады?

Етеккірі келген әйелге мешітке кіруге, намаз оқуға, Құран ұстауға немесе ораза ұстауға болмайды. Сондықтан мұндай жағдайда әйел адам Қадір түнін үйінде өткізеді.

Дегенмен бұл түнде ол дұға жасап, Алладан кешірім сұрап, зікір айтып, сауапты амалдар жасай алады. Мысалы:

  • «Субханаллаһ»

  • «Әлхамдулиллаһ»

  • «Аллаһу әкбар»

  • «Астағфирулла»

Сондай-ақ жаттаған дұғалары мен аяттарын дұға ниетімен оқуға болады.

Қадір түні дастархан жайып, есік-терезені ашу керек пе?

Қадір түнінде арнайы дастархан жайып немесе үйге береке кіреді деп есік-терезені ашып қою — дұрыс түсінік емес. Бұл түннің мәні — құлшылықта. Сондықтан оны дұға, намаз, кешірім және игі істермен өткізу маңызды.

Мешітке барған адам неден бастауы керек?

Қадір түні мешітке барған адам алдымен дәрет алып баруы тиіс. Мешітке кірген соң екі ракағат сәлем намазын оқу ұсынылады. Одан кейін имамның уағызын тыңдап, жамағатпен бірге намаз оқуға болады.

Қалған уақытта өзіңізге, отбасыңызға, ата-анаңызға және жақындарыңызға дұға жасап, Құран оқып, сауапты амалдармен айналысқан дұрыс.