Алматыда 25 іске қатысы бар алаяқ қолға түсті

Ulysmedia

Алматыда арзан бағаға жер сатып алуды ұсынған әйел жұртты 22 млн теңгеге алдаған. Қазіргі таңда оның 25 қылмысқа қатысы бары анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен Батыс Қазақстан облысының тумасы, 53 жастағы Р. есімді әйел ұсталды

«25 жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын 22 млн теңгеден асады. Күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеудің осы кезеңінде күдікті әйел азаматтардың сеніміне кіріп, оларға жер телімдерін нарықтан төмен бағаға сатып алуды ұсынғаны анықталды. Ол «әлеуетті клиенттерден» бастапқы жарнаны алып отырған, оның сомасы жер телімінің орналасқан жеріне байланысты еді. Әйел ақшаны алғаннан кейін хабарсыз кеткен. Қазіргі таңда 25 қылмыстық эпизод анықталды», – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Талғат Беркінбаев.

Полиция қызметкерлері күдікті әйелдің қаланың басқа да жерлерінде осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар екенін жоққа шығармайды. Осыған байланысты мына телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрайды: 8-702-448-63-37 және 227-55-02.