Астанада "Elorda Eco System" қызметкерлері ереуілге шыққан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы журналист Сәния Тойкен әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның сөзінше, мекеменің 80-ге жуық қызметкері жалақы мәселесін қозғап, ереуілге шыққан.
- Қазір тасқын жағдайында артық жұмыс сағаттарымыз төленуі үшін бұйрық шығаруын сұрағанбыз. Заң бойынша қол қойып беруін сұрадық. Бірінші талап содан басталды. Мен істегелі үш жылдай болды. 3-4 бастық ауысты. Қазіргі бастықтарға дейін жақсы болған. Қазір қысым көп. Қазірдің өзінде біздің жұмыс бригадаларымыз келе алмай отыр, – дейді қызметкер Қойшыбай Камалов.
Оның сөзінше, қызметкерлердің қолына алатын жалақысы 348 000 теңге. Кейде 400 мыңға жуықтайды.
- Қазір қалада қар еріп, су тасқыны болып жатады. Қазір 11 сағаттан жұмыс істеп жатырмыз. Сол сағатты заң жүзінде төлеуі керек. Төленеді деп ауызбен айтылады, бірақ қағаз жүзінде көрмейміз. Басқа ұйымдар жалақы көлемінде сыйақы алып жатады. Ал біз 50, 100 мың теңге көлемінде ғана аламыз. Еңбек шарты бар. Бірақ кейде жұмыстан себепсіз шығарып жібереді, – дейді қызметкер.
Тағы бір қызметкер басшылықпен соттасқан. Оған басшылық 20 литр солярка ұрлады деп жала жапқан. Алайда қызметкер басшылықпен соттасып, жеңіп шығыпты. Қызметкерлердің сөзінше, мұндай мысалдар көп.
- Бізге жұмыс істеуге мұрша бермейді, – дейді қызметкерлер.
Журналистің және қызметкерлердің алдына мекеменің баспасөз хатшысы шықты. Ол басшылықпен сөйлесіп, ресми жауап беретінін жеткізді.
Біз Астана қалалық полиция департаментінен бұл жағдайға қатысты пікірін сұрадық. Материал жарияланған уақытта әзірге жауап келмеді. Қосымша ақпарат хабарланатын болады.