Иран Ормуз бұғазы арқылы кемелерді өткізе бастады

Сырым Қаржас
фото: Reuters

Иран Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелерді біртіндеп өткізе бастады. Бұл теңіз қозғалысын бақылау сервистері анықтаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Windward аналитикалық компаниясының мәліметінше, 16 наурыз күні стратегиялық маңызы жоғары бұл аймақта автоматты сәйкестендіру жүйелері Иран туы астындағы кемелерді есептемегенде, сегіз шетелдік кемені тіркеген, деп жазады Al Jazeera. Бұл алдыңғы күндермен салыстырғанда шамамен екі есе көп.

Windward сарапшысы Мишель Визе Бокманнның айтуынша, кемелердің саны артып, олардың көбі Иранның аумақтық сулары арқылы өтетін бағытты таңдай бастаған. Оның сөзінше, бұл Тегеран тек жекелеген, «достық қатынастағы» елдердің кемелеріне ғана рұқсат беріп отырғанын білдіруі мүмкін.

– Батыс елдеріне қатысы бар кемелердің Иран суларына кіруі екіталай. Бұл бағытты, ең алдымен, Қытай, Үндістан және басқа да елдердің кемелері пайдалануы ықтимал, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Кемелер қозғалысын бақылайтын тағы бір сервис MarineTraffic 15 және 16 наурыз күндері бұғаз арқылы тоғыз кеме өткенін хабарлады. Оған дейінгі екі күнде бар болғаны бес өту тіркелген.

КОНТЕКСТ

Ормуз бұғазы әлемдік энергетикадағы негізгі бағыттардың бірі саналады, әдетте теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен 20 пайызы осы жерден өтеді. Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғаннан кейін бұл аймақтағы кеме қозғалысы 95 пайыздан астамға қысқарған.