Атбасар түрмесіндегі азаптау: 12 қызметкердің ісі қайта қарауға жіберілді

Ulysmedia

Ақмола облысындағы Атбасар түрмесінде ондаған тұтқынды азаптады деп айыпталған 12 қызметкерді ақтау үкімі күшін жойып, іс қайта қарауға жіберілді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Облыстық сот алқасының қаулысымен Атбасар ауданындағы ҚАЖК-нің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімінің күші жойылып, іс сол сотқа, басқа құрамда жаңадан қарауға жолданды» деп жазылған облыстық сот хабарламасында.

Облыстық сот алқасы істі апелляциялық тәртіпте қайта қарағанда процессуалдық бұзушылықтар анықтаған.

«Облыстық сот алқасы апелляциялық тәртіпте істі қайта қарау барысында процессуалдық бұзушылықтарды анықтап, келесі негіздермен үкімнің күшін жойды: алқабилер құрамында бұрын соттылығы бар адамның қатысуы анықталды; соттың ескертулеріне қарамастан, алқабилердің көзінше қорғау тарапы жәбірленушілердің абыройына нұқсан келтіретін мәлімдемелерге жол берген, бұл дәлелдемелерді бағалауға және алқабилердің пікіріне кері әсер еткен; алқабилердің қатысуымен талқылауға жатпайтын жәбірленушілерге қатысты мәліметтер жария етілген», – деп жазылған сот хабарламасында.

Контекст

2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған белсенді Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған.

Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.

2025 жылы ақпанда бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтаған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер бұған наразы болған.