Қазақстанда айыппұлдар кешірілуі мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Үкімет отырысында 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция нормаларына сай заңнаманы жаңарту жөніндегі президент тапсырмалары қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомство азаматтардың берешегін қалай «кешіруді» жоспарлап отырғанын айтты.

– Әкімшілік амнистия аясында жеке тұлғалардың өтелмеген айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарау жоспарланып отыр. Мұндай азаматтардың санаты мен айыппұлдарды есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті органдармен толық келісілетін болады, – деді ол.

Министр амнистияға азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасағандар да ілігуі мүмкін екенін бөлек атап өтті.

Сонымен қатар, әкімшілік амнистия ауыр қылмыс жасағандарға қолданылмайды. Атап айтқанда, терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау бойынша сотталғандар, сондай-ақ іздеуде жүрген адамдар бұл тізімге кірмейді.

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімшілік амнистия мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырды.

– Әкімшілік амнистия еліміздің тарихында алғаш рет бастама ретінде көтеріліп отыр. Ішкі істер және әділет министрліктері Бас прокуратурамен бірлесіп, екі апта ішінде амнистияны жүзеге асыру тетігі бойынша нақты ұсыныстар енгізсін, – деді ол.