Алматыда ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев ұсталды

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Әсет Матаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты алғаш болып журналист Михаил Казачков таратты. Оның жазуынша Матаев «Бұзақылық» бабы бойынша күдікке іліккен.

Журналистің жазуынша, 17 наурызда «Достық Плаза» сауда орталығының маңында төбелес болып, полиция жанжалға қатысқандарды ұстаған. Олардың арасында Матаев та болған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.

Алматы полициясы ақпаратты растады. Алдын ала мәлімет бойынша, екі адам мас күйде ойын-сауық орнынан шыққан кезде жанжалдасып қалған. Кейіннен оның соңы төбелеске ұласқан. Полиция төбелеске қатысушыларды ұстап, бөлімшеге жеткізген. «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

ҚазТАГ мәлімдемесі

ҚазТАГ редакциясы бүгін Әсет Матаевқа қатысты мәлімдеме жасады. Онда болған оқиғада Әсет Матаевтың зардап шеккені туралы айтылған.

«Қазіргі уақытта редакцияда болған жағдай туралы толық ақпарат жоқ. Біз құқық қорғау органдары мен адвокаттардан егжей-тегжейлі түсініктемелер күтеміз және объективті тергеу жүргізіледі деп сенеміз. Барлық мән-жайлар анықталғанға дейін алдын ала қорытынды жасамауларыңызды сұраймыз», – делінген мәлімдемеде.

Контекст

2025 жылы желтоқсанда басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Содан бері Қасенов үйқамақта отыр, қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. 2026 жылы қаңтарда прокуратура Матаевты да үйқамаққа алу туралы өтініш беріп, кейін оны қайтарып алған. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.