Кения Ресейден өз азаматтарын Украинадағы соғысқа тартуды тоқтатуды ресми түрде талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Кенияның сыртқы істер министрі Мусалия Мудавадидің айтуынша, тараптар кениялықтарды Ресей қарулы күштеріне тартуды тоқтату жөнінде келісімге келген. Бұл шешім Ресейге жұмыс іздеп барып, кейін Украинадағы соғысқа жіберілген кениялықтар туралы жанжалдан кейін қабылданды. Reuters дерегінше, мәселе Кения қоғамында үлкен резонанс тудырған, ал билік дипломатиялық арналар арқылы жағдайды реттеуге кіріскен.
Кения тарапы сондай-ақ соғысқа қатысып, жараланып, қазір Ресейде ем алып жатқан азаматтарына қолдау көрсететінін айтты. Бұған дейін Associated Press Кения парламентіне ұсынылған барлау есебіне сүйеніп, шамамен 1000 кениялық Ресей жағында соғысқа тартылғанын, олардың бір бөлігі майданда, бір бөлігі ауруханада, кейбірі хабар-ошарсыз кеткенін жазған.
КОНТЕКСТ
Ресейлік рекрутинг чаттарында 2026 жылдың басынан бері Украинадағы соғысқа әскерге тартуға тыйым салынған 36 елдің тізімі тарағаны туралы мәліметтер айтылып жүр. Алайда мұндай тізімнің ресми негізі әзірге ашық түсіндірілген жоқ. Reuters бірнеше Африка елінде Ресейдің рекрутинг желілеріне байланысты алаң күшейгенін, ал Кения бұл мәселеде дипломатиялық қадамға барған елдердің бірі болғанын жазды.