Әсет Матаевқа жасалған шабуыл: қоғам белсенділері дабыл қақты

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

«ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаевқа жасалған шабуыл қоғам белсенділерінің алаңдаушылығын туғызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Экономист Расул Рысмамбетов бұл оқиғаның мұқият тексерілуі қажет екенін айтты.

– Әсет Матаевқа жасалған шабуылға қатысты алаңдап қалдым. Әртүрлі жағдай болады – бірге отырды, ішті, сосын тарасты. Бірақ бастан ұру, өмірге қауіпті жарақат салуға тырысу – мұның бәрі мұқият талқылау мен тергеуді талап етеді, – деді экономист.

Рысмамбетов сондай-ақ соңғы кезде қоғам белсенділерінің төңірегінде болып жатқан күмәнді жайттар өзін алаңдататынын атап өтті.

– Әсетке жасалған бұл әрекет арандатуға және алдын ала жоспарланған іске өте ұқсайды, – деп қосты ол.

ӘДІЛ СӨЗ

Бұл жағдайға байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры мәлімдеме жасады. Қор журналистке жасалған шабуылға байланысты алаңдаушылық білдірді. 

Қордың пікірінше, зардап шеккен адамның қоғамдық мәртебесін және болған оқиғаның журналистердің кәсіби қызмет еркіндігіне ықпал етуі мүмкін екенін ескерсек, бұл жағдай айрықша назар аударуды қажет етеді.

Осыған байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры құқық қорғау органдарын оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, объективті және бейтарап тергеуге; оқиғаның нақты сипатын анықтауға; денсаулыққа келтірілген зиянға тиісті құқықтық баға беруге; процессуалдық нормалардың сақталуына кепілдік беруге шақырады.

- Қор кез келген зорлық-зомбылық жағдайы, әсіресе медиа қауымдастығы өкілдеріне қатысты болса, мұқият құқықтық бағалауды және мемлекеттік органдар тарапынан ашықтықты талап ететінін атап өтті. Бұл жағдайда тергеудің объективтілігі мен толықтығы Қазақстан Республикасында журналистік қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін принципті түрде маңызды, делінген мәлімдемеде.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, бұған дейін ҚазТАГ басшысы Әсет Матаевтың «Бұзақылық» бабымен қамауға алынғаны туралы айтылған. Бұл ақпаратты полиция да растаған.

Адвокат Рена Керимова ҚазТАГ басшысы Әсет Матаевқа арандату болғанын айтты. Матаевтың басы жарылып, маңдай сүйегі сынған.