Қарағанды облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Ulysmedia
Көрнекі сурет. Фото: Ашық дереккөзден

Қарағанды облысында жол апатынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Қарағанды – Балқаш тас жолында 18 наурызда Chevrolet Cobalt көлігі жол апатына түсіп, салдарынан 30 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған екі жолаушы оқиға орнында қаза болды. Бір адам ауруханаға жатқызылған.

Оқиға Астана – Қарағанды – Алматы республикалық тас жолында Ақшатау ауылынан шамамен 40 шақырым жерде болған. Алдын ала мәліметке қарағанда, көлік бұрылыста жолдан шығып кетіп, аударылған. Желіде оқиға орнынан видео да жарияланды.

Бейне жазбада көлік жүргізушісінің рөлде отырып ұйықтап кеткені айтылады. Бірақ желі қолданушылары жолдың тайғақ болғанын жазып жатыр.

Қарағанды облысының полициясы жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғаған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын жол апатынан орта есеппен 2500 адам қаза табады.