"Аштық жариялаған". ҚАЖД Думан Мұхаммедкәрімге қатысты сұраққа нақты жауап бермеді

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағаны және денсаулығына қатысты сауалға нақты жауап бермеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Азаттық радиосының жазуынша, облыстық қылмыстық атқару департаменті «Думан Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағаны рас па?» деген сауалға нақты жауап бермеген.

«Сіздің 16.03.2026 жылғы өтініш хатыңызға сәйкес, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеуші сотталған Мұхаммедкәрім Думан Алмасұлына қатысты төмендегідей мәліметтерді ұсынамын: Қазақстан Республикасының «Персоналдық деректер және оларды қорғау туралы» заңының 15-бабы және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 93-бабына сәйкес, сотталған азаматтардың жеке ісінен алынған басқа мәліметтер жариялауға жатпайды», – делінген департаменттінің Азаттық радиосына берген жауабында.

Сондай-ақ департамент сотталған азаматтарға медициналық көмек көрсету құзыреті денсаулық сақтау министрлігіне берілгенін де алға тартып, медициналық көмек туралы сұрақты да жауапсыз қалдырған.

Контекст

Бұған дейін Думан Мұхаммедкәрімнің өзін Алматы облысындағы түрмеге ауыстыруды талап етіп, аштық жариялағаны туралы ақпарат тараған. 13 наурызда блогер Абзал Достияров Думан Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағанын сол жақтағы адамдардан естігенін айтқан. Ал адвокат Ғалым Нұрпейісов Қызылордадағы түрмеге барғанда ақпаратты анықтағанын айтқан.

Журналист, «Ne Deidi» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылы тамызда «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен жеті жылға сотталған. Оның үстінен іс қозғауға қуғындағы банкир, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін қалаушы Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Думан Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген. Ол істің саяси астары бар деп есептейді.