Мәжіліс пен Сенат парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын қарап жатыр. Қазақстанның вице-премьері Қанат Бозымбаев бұл қаланың Қазақстандағы өзге қалалардан қандай айырмашылығы болатынын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Триллиондар салынатын тәуекелі жоғары жоба
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, үкімет Алатау қаласына арналған заң жобасын әзірлемес бұрын ерекше мәртебесі бар қалаларды құрудың оң және теріс тәжірибесін зерттеген. Статистикаға сәйкес, әлемде осыған ұқсас мың жобаның 60 пайызы сәтсіз аяқталған.
– Таяу Шығыс пен Азия елдеріндегі сәтсіздіктің себептері қатарында құқықтық және салықтық дербестіктің болмауы, басқарудағы бюрократия, инфрақұрылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі, сот жүйесінің тәуелсіздігінің әлсіздігі, құзырлы органдардың бұрын жарияланған салықтық жеңілдіктерден қайта бас тартуы және инвесторлардың мүддесі үшін жерді әділетсіз алып қою секілді жайттар болды, – деді Қанат Бозымбаев.
Соған қарамастан, вице-премьердің сөзінше, әлемде табысты мысалдар да бар. Олардың қатарында Қытайдағы Хайнань провинциясы, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай және Қатардағы Доха аталды.
– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, арнайы мәртебе беру ғана жеткіліксіз. Мұнда тиімді институционалдық орта шешуші рөл атқарады. Мысалы, Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесі жергілікті әкімдіктерге кең өкілеттік берілгенін көрсетеді. Олар салық режимдерін белгілей алады, жеңілдіктерді әкімшілендіреді және инвестициялық қолдау шараларын басқарады. Соның нәтижесінде шешімдер орталық органдардың функцияларын қайталамай, жедел қабылданады, – деп түсіндірді Бозымбаев.
Инвесторлар үшін қолайлы орта ма?
Алатауда инвестор тартуға негізгі басымдық заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беру, салықтық жеңілдіктер ұсыну және өзге де преференциялар жасау арқылы берілмек.
– Алатау құрылған сәттен бастап қала әлеуетіне қатысты инвесторлар тарапынан үлкен үміт, сенім және қызығушылық байқалып отыр. Қазіргі таңда жалпы сомасы 1,8 трлн теңгеге тең 44 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Бұл шамамен 30 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, – деді Қанат Бозымбаев.
Үкіметтің пайымынша, бұл Алатаудың ғылым, туризм, медицина және инновация орталығы ретінде дамуына негіз қалайды.