Вице-премьер Қанат Бозымбаев Alatau city қаласында жер шетелдіктерге жалға немесе басқа түрде берілетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Мәжіліс пен сенат парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Отырыста вице-премьер Қанат Бозымбаев жаңа қаланың Қазақстандағы өзге қалалардан қандай айырмашылығы болатынын айта келе, жер мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, шетелдіктерге жер жалға немесе басқа түрде беріледі.
«Alatau city-де барлық инвесторларға, оның ішінде шетелдік инвесторларға жер учаскілері тек нақты инвестициялық жобаларды іске асыру үшін және бизнес лицензия үшін жалға немесе басқа түрінде беріледі. Егер бизнес лицензия арқылы [берілсе] оның міндеттемелері болады. Егер екі жыл ішінде ол жерге зауыт-фабрика немесе университет, қонақүй салмаса оған айыппұл салынады. Егер тағы екі жылдан кейін даму болмаса жер қайтарылады. Жер тек инвестициялық жобалараға беріледі», – деді ол.
Жобаға сәйкес, Alatau City аумағы – 88 мың гектар болады. Қалаға салынатын инвестиция көлемі1,8 трлн теңге болмақ. Оның ішінде 44 жоба бар.