Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына қатысты түсінік берді

Сырым Қаржас
Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына байланысты жағдайға түсінік берді, 

МӘН-ЖАЙ

Ведомство басшысы жағдайда бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

– Сонымен қатар мұндай жағдайларда заңда көзделген барлық рәсім аяқталғанға дейін асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге жол беруге болмайтынын ерекше атап өтеміз. Оқиға мәнін бұрмалау немесе процесс қатысушыларын негізсіз қаралауға әкелуі мүмкін мәлімдемелерге жол бермеу аса маңызды, – деді Балаева.

Министр аталған іс бойынша шешім әділ болады деп сенетінін айтты.

– Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі болып есептеледі. Сонымен қатар заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса. Осы сияқты кез келген мәселелерді қарау барысында «Заң және тәртіп» қағидатын қатаң сақтау қажет деп есептейміз, өйткені заң баршаға ортақ және оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті. Өз тарапынан министрлік жағдайды мұқият бақылап отыр және қажет болған жағдайда өз құзыреті аясында шаралар қабылдауға дайын. Сонымен қатар, барлық процессуалдық әрекеттер сыртқы араласусыз, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтеміз, – деді ол.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін бір топ журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. БАҚ өкілдері Тоқаевтан журналист Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауына алуды сұрап, жалған ақпарат тарату туралы бапты қылмыстық сипаттан алып тастауды қолдады.

20 наурыз күні Ботагөзді полицияға "әңгімелесуге" шақырып, ол өз еркімен барған. Алайда кейін оның мәртебесі ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша күдікті ретінде өзгертілген. Омарова бөлімшеде сегіз сағаттан астам уақыт болып, кейін сот оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады. Түнде оның пәтерінде тінту жүргізілген.

Журналистер істің нақты қай материалға байланысты қозғалғанын түсінбейтінін айтып, тағылған айыптарды негізсіз деп санайды.

БАҚ өкілдері істі объективті тергеуді қамтамасыз етуді және Омароваға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады.