Арғын Нығматулин Португалияда жасырынуы мүмкін – БАҚ

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Ниғматулиннің бауыры, Қазақстанда іздеуде жүрген Арғын Нығматулин Португалияда болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Выход к морю» арнасының мәліметінше, оның отбасының осы елде қымбат жылжымайтын мүлкі бар, бұл оны Қазақстанға экстрадициялау үдерісін қиындатуы ықтимал. Оның отбасының вилласы Португалияның оңтүстігіндегі курортты Картейра қаласында орналасқан. Жылжымайтын мүлік мальталық Heartwood Limited компаниясының атына рәсімделген. Оның иесі ретінде Ниғматулиннің жұбайы Найле Бельбаева көрсетіледі. Сарапшылардың бағалауынша, зәулім үйдің құны шамамен 5 млн еуроға жетуі мүмкін.

Спутниктік суреттерге қарағанда, бұған дейін бұл аумақта қызыл қыш шатырлы классикалық үй, бақ және бассейн болған. 2017 жылы ескі вилла бұзылып, оның орнына хай-тек стиліндегі заманауи особняктың құрылысы басталған. Аумағы биік қоршаумен қоршалған, ол көрші үйлерден айтарлықтай ерекшеленеді. Сонымен қатар, ғимараттың бейнелері Google Street View сервисінде жасырылған.

Картейра – Атлант мұхиты жағалауындағы танымал курорт. Қалада шамамен 25 мың адам тұрады. Бұл жер ұзын жағажайларымен, гольф алаңдарымен және дамыған туристік инфрақұрылымымен белгілі.

КОНТЕКСТ

Қазақстанда Арғын Нығматулин бір жылдан астам уақыттан бері іздеуде жүр. Оның болуы мүмкін жерлеріне қатысты түрлі елдерге, соның ішінде Түркияға да сұрау салынған. Бұған дейін ол Қарағандыдағы «Сарыарқа» хоккей клубын басқарған және жергілікті мәслихаттың депутаты болған. Ол бюджет қаражатын жымқыру, жемқорлық және рейдерлік әрекеттерге қатысты күдікке ілінген.