Айя Шалкардың туындысы Art Basel Hong Kong жобасында үздіктер қатарына енді

Сырым Қаржас
Фото: instagram

Қазақстандық суретші әрі модель Айя Шалкар заманауи өнер саласындағы ең беделді жәрмеңкелердің бірі — Art Basel Hong Kong аясында назар аударуға тұрарлық авторлар тізіміне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы Гонконгтағы South China Morning Post басылымы «Art Basel Hong Kong previews open today: here are 9 artists to look out for» атты шолуында мәлімдеді.

ӘЛЕМДІК АРТ-САХНА

Редакция жәрмеңкеде ең көп талқылануы мүмкін тоғыз суретшіні таңдаған. Солардың қатарында Қазақстан өкілі Айя Шалкар да бар. Басылым оның еңбектері көшпелі мәдениет пен дала тарихының жады тақырыбын қозғайтынын атап өтеді.

Көрмеге қойылған туындылардың ішінде «Umaibata (Great Mother’s Blessing)» мүсіні бар. Бұл жұмыс түркі мифологиясындағы бейнелер мен дәстүрлі ою-өрнектерден шабыт алған. Шығарма ежелгі түркі дүниетанымындағы аналық пен отбасының қамқоршысы саналатын Ұмай-ана бейнесін негізге алып, қорғау мен ұрпақ жалғастығын білдіреді.

ART BASEL ДЕГЕН НЕ

Art Basel – әлемдік арт-нарықтағы ең маңызды оқиғалардың бірі саналады. Жәрмеңке Базель, Майами және Гонконг қалаларында өтеді және оған заманауи өнердің жетекші галереялары, ірі коллекционерлер, музей кураторлары, инвесторлар мен арт-дилерлер қатысады.

Art Basel мен халықаралық медианың назарына ілігу суретшілер үшін жаһандық өнер нарығына шығуда маңызды қадам болып есептеледі.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ

Соңғы жылдары кураторлар мен галереялар Орталық Азия суретшілеріне жиі назар аудара бастады. Бұл өңірдің бірегей мәдени мұрасы — көшпелі эстетика, түркілік символика және дала тарихының қазіргі өнерде жаңа қырынан көрініс табуымен байланысты.

Қазақстандық суретшінің әлемдік ірі басылымдардың біріндегі іріктеуге енуі елдің заманауи өнері біртіндеп жаһандық көркем кеңістікке кірігіп келе жатқанын көрсетеді.