Украинаның дрон шабуылы мен Еуропадағы «көлеңкелі флотқа» тиесілі танкерлердің ұсталуы Ресейдің мұнай экспорттау қуаттылығының 40 пайызын уақытша істен шығарған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Reuters агенттігінің жазуынша, дрон шабуылы мен «көлеңкелі флот» танкерлерінің ұсталуынан Ресейдің шетелге мұнай жеткізу қуаттарының шамамен 40 пайызы, яғни тәулігіне 2 миллион баррельге жуық көлемі уақытша тоқтаған.
Бұндай жағдай АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғыс бастағалы бері әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асқан тұста орын алған.
Reuters мәліметінше, биыл наурызда Украина дрондары Балтық теңізіндегі ірі Приморск және Усть-Лугаға порттарына шабуыл жасағаннан кейін мұнай жөнелту тоқтаған. Сондай-ақ Қара теңіздегі ірі экспорттық порт — Новороссийскта да жүктеу көлемі жоспардан төмен деңгейде жүзеге асырырылып жатыр. Қазақстан мұнайы да дәл осы порт арқылы Еуропа нарығына шығарылады.
Бұдан бөлек, Ресейдің мұнай экспортына «Дружба мұнай құбыры» жүйесінің зақымдануы да әсер еткен. Бұл құбыр арқылы транзит қаңтардың соңында, Украинаға жасалған соққылардан кейін келтірілген залал салдарынан тоқтаған.
Reuters-ке мұнай трейдерлері Еуропа елдерінің Ресейдің «көлеңкелі флот» танкерлерін жиі ұстай бастауы Мурманскіден тәулігіне шамамен 300 мың баррель мұнайдың жеткізілуіне кедергі келтіріп отырғанын айтқан.
Бірақ осыған қарамастан, Ресей Қытайға (тәулігіне шамамен 1,9 млн баррель) және Беларуське (300 мың баррель) мұнай жеткізуді тұрақты түрде жалғастырып отыр. Сондай-ақ «Сахалин-1» және «Сахалин-2» жобалары арқылы тәулігіне шамамен 250 мың баррель мұнай экспорттап жатыр.