Қазақстан ірі мұнай жобалары бойынша шетелдік мердігерлермен соттасуды жалғастырып жатыр. Қашаған мен Қарашығанаққа қатысты даулар соттарда және халықаралық арбитражда қаралуда. Бұл туралы Әділет вице-министрі Даниель Ваисов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан бірнеше сот процесіне қатар қатысып отыр. Соның бірі – экологиялық дау. Әңгіме күкіртті сақтау мен белгіленген нормалардың асуы туралы.
Қазақстандағы бірінші инстанция соты мемлекет пайдасына шешім шығарған. Алайда мердігер компаниялар апелляция беріп, іс әлі қаралып жатыр.
– Бұл мәселеге қатысты өте сақ пікір айту керек, өйткені Қазақстан қазір арбитраждық процестерге қатысып отыр. Көп жайт құпия, – деді Ваисов.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРБИТРАЖ
Сонымен қатар, мердігерлер халықаралық деңгейде де талап арыз берген. Іс ICSID алаңында қаралуда. Қазір арбитраждық алқа жасақталып жатыр.
Бұл талап арыздар Қазақстанның Франция және Нидерландпен жасасқан келісімдері аясында берілген.
ҚАШАҒАН МЕН ҚАРАШЫҒАНАҚ
Қашаған жобасы бойынша шығындарға қатысты ірі дау бар. Оның сомасы 100 млрд доллардан асады. Бұл мәселемен өнімді бөлу туралы келісім аясында жұмыс істейтін PSA компаниясы айналысып жатыр.
Қарашығанақ бойынша аралық шешім қабылданған, бірақ іс әлі аяқталған жоқ.
ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛДЫ
Вице-министр Қазақстан халықаралық заңгерлік компаниялардың қызметіне жүгінетінін айтты. Себебі қарсы тарапта да мықты заңгерлік қолдау бар.
Негізінен америкалық және британдық заңгерлер тартылады, ал олардың қызмет құны жоғары. Алайда нақты қанша қаржы жұмсалып жатқаны айтылмады.