Ресейде соғысты енді олигархтар қаржыландырады

Ulysmedia
Фото: АР

Ресей президенті Владимир Путин елдегі ірі бизнес өкілдеріне соғысты қаржыландыруды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Ресей президенті Владимир Путин ірі кәсіпкерлермен өткен жабық кездесуде оларға Украинадағы соғысты қаржыландыру үшін бюджетке ерікті жарналар енгізуді ұсынған. Бұл туралы The Bell басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Ресей өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы съезінің кулуарында өткен кездесуде Путин соғысты әрі қарай да жалғастыруға ниетті екенін және Ресей әскерін Донецк облысының әкімшілік шекарасына дейін ілгерілету жоспары бар екенін айтқан. Осыдан кейін ол кәсіпкерлерге бюджетке ерікті түрде жарна аударуды ұсынған.

The Bell дереккөздері Путиннің сөзін «соғысты жалғастырамыз» және «Донбасс шекарасына дейін барамыз» деген мазмұнда жеткізген.

Контекст

Басылым дереккөздерінің мәліметінше, бастаманы “Роснефть” компаниясының басшысы  Игорь Сечин көтерген. Ол кездесу қарсаңында Владимир Путинге «ел үшін ауыр кезеңде бизнесті жұмылдыру» қажеттігін айтып, ұсыныс хат жолдаған. Қаражат тарту тетігі ретінде әскери мақсаттағы федералдық облигацияларды шығару ұсынылған.

Сондай-ақ, The Bell басылымының екі бірдей дереккөзі кәсіпкер Сүлейман Керимовтің бұл ұсынысты бірден қолдап, бюджетке 100 млрд рубль аударуға уәде бергенін растаған. Аты аталмаған тағы бір ірі кәсіпкер де Путиннің бастамасын қолдаған.