Алматыдағы «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығының бір бөлігі қайтадан сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Базардың бастапқы бағасы — 28,63 млрд теңге. Аукцион 2026 жылғы 8 сәуірге жоспарланған.
Лот туралы қосымша ақпаратта саудаға жалғыз қатысушы болған жағдайда да сату мүмкіндігі қарастырылғаны көрсетілген. Сатып алушы кепілдік ретінде 2,8 млрд теңгеден астам қаражат енгізуі тиіс.
Айта кетейік, ашық дереккөздердің мәліметінше, базар Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі болған базар арзанырақ сатылмақ болғаны хабарланған еді.
КОНТЕКСТ
2024 жылдың қаңтарында Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі күшіне еніп, Қайрат Сатыбалдыға тиесілі «Байсат» базарына қатысты барлық мәміле заңсыз деп танылған болатын.
Тергеу барысында кешеннің заңсыз сатылғаны анықталды. Аумағы 4,2 мың шаршы метрден асатын үш нысан және 1,4 гектар жер телімі «Совместное предприятие КазГерСтрой» ЖШС мен «Astana Financial Group» ЖШС-нің иелігінде болған. Бұл екі компания бір-бірімен байланысты болып, Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі екені белгілі болды.