Түркістан облысының прокуратурасы "Ветеринариялық қызмет" ШЖҚ МКК қызметінде 928 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
2022-2025 жылдар аралығында Ветқызметтің басшылары мен жауапты қызметкерлері сатып алулар (тауарлар, қызметтер және т.б.) барысында төлем тапсырмаларына көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы 928 млн теңгені негізсіз және заңсыз аударған.
– Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілеріне ақша аудару кезінде өздерінің ЭЦҚ-ларын пайдаланып, заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында төлем тапсырмаларында бірдей бизнес субъектілерінің ЖСН-дарын енгізіп, тек атауларын өзгертіп отырған. Нақтысында кәсіпкерлік субъектілері тарапынан Ветқызметке қызметтер көрсетілмеген және тауарлар жеткізілмеген. Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері нәтижесінде мемлекетке ірі көлемде залал келтірілген, – делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша облыс прокуратурасы материалдарды Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігімен СДТБТ-не тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді арнайы прокурорлар (облыс прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы) жүргізіп жатыр.
2026 жылғы 26 наурызында 4 лауазымды тұлға (Ветқызметтің екі бұрынғы басшысы, орынбасары және бас бухгалтері) күдікті деп танылып, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта басқа да лауазымды тұлғалардың қатыстылығын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.