"No Kings": АҚШ-тың бірнеше қаласында Трампқа қарсы наразылықтар өтті

Сырым Қаржас
Getty Images

АҚШ-тың бірқатар қаласында "No Kings" ұранымен жаппай наразылық акциялары өтті. Бұл шерулер АҚШ президенті Дональд Трамп саясатына қарсы жалпыұлттық қозғалыстың аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

МӘН-ЖАЙ

Reuters агенттігінің мәліметінше, наразылық акциялары барлық 50 штаттағы үш мыңнан астам қала мен елді мекенде өтіп, миллиондаған адам қатысты. Ірі митингілер Нью-Йорк, Филадельфия, Даллас, Вашингтон және басқа да қалаларда ұйымдастырылды.

НАРАЗЫЛЫҚ СЕБЕПТЕРІ

Акцияны ұйымдастырушылар мен қатысушылар Трамп әкімшілігінің саясатына қарсы екенін айтып, оны "авторитаризмнің көрінісі" деп бағалайды. Наразылықтың негізгі себептері ретінде мыналар аталады:

  • иммиграциялық саясаттың қатаңдауы және ICE қызметінің әрекеттері;
  • экономикалық қиындықтар мен өмір сүру құнының өсуі;
  • АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы;
  • президент өкілеттерінің кеңеюі.

Сондай-ақ  наразылық білдірушілер АҚШ-тың Таяу Шығыстағы кейінгі әскери әрекеттеріне наразылық танытып, биліктен сыртқы саясат бағытын қайта қарауды талап етті.

ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ АУҚЫМЫ

"No Kings" қозғалысы 2025 жылы Дональд Трамптың екінші президенттік мерзіміне жауап ретінде пайда болып, аз уақыт ішінде АҚШ-тың қазіргі тарихындағы ең ірі наразылық қозғалыстарының біріне айналды.

Бұған дейінгі акцияларға да миллиондаған америкалық қатысып, шерулер екі мыңнан астам қалада өтті.

БИЛІКТІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Наразылықтардың басым бөлігі бейбіт өткеніне қарамастан, кейбір қалаларда шерушілер мен полиция, сондай-ақ қарсы топтар арасында қақтығыстар тіркелді. Соның салдарынан ұсталғандар мен зардап шеккендер бар.

Республикалық саясаткерлер бұл наразылықтарды радикал саясаттың көрінісі деп сынға алса, Демократиялық партия өкілдері азаматтардың билік әрекеттеріне қарсылық білдіруге құқығы бар екенін мәлімдеді.