AIRAN командасы екі апталық үнсіздіктен кейін жоба жабылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕРЕКЕЕВТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
“Айран медиа” жобасы 13 наурыздан бері контент өндіруді тоқтатқан болатын. Команда өкілдерінің айтуынша, олар осы уақыт бойы жағдайды реттеуге тырысқан, бірақ нәтиже болмаған. Содан бері көрермен оларды жоғалтып алған еді. Ал бүгін жоба жетекшісі арнайы мәлімдеме жасады.
- Біз шын жүректен өз ұстанымымызды сақтап қалуға тырыстық. Бірақ, өкінішке қарай, қазір оны жалғастыру мүмкін болмай отыр. Әлемде де, ел ішінде де жағдай белгілі, біз оны елемей отыра алмаймыз. Дегенмен, ешқандай трагедия болған жоқ. Жобалар ашылады, кейін жабылады – бұл қалыпты нәрсе. AIRAN өте мықты жоба болды. Осы уақыт бойы бізді қолдаған, әсіресе бізді қорғап, жанымыздан табылған адамдарға алғыс айтамыз.
Әрине, бізге жазып, пікір білдірген көрермендерге де ризамыз. Біреулер бізге алаңдады, енді біреулер «Айран ақыры ашып кетті» деп қуанды. Бұл да қалыпты жағдай. Дені сау қоғамда әркімнің өз пікірі болуы керек, тек бейжайлық болмаса болғаны. Көрермендерге де, командаға да рахмет!, – деді AIRAN MEDIA өкілдері.
AIRAN ҚАШАН АШЫЛДЫ?
AIRAN MEDIA – 2022 жылы іске қосылған тәуелсіз медиа. Жоба сұхбаттар, тікелей эфирлер және қоғамдық-саяси тақырыптарды ашық әрі еркін форматта талқылаумен айналысты.
Негізінен YouTube алаңда жұмыс істеді, онда 1,18 млн жазылушысы бар. Сонымен қатар, жоба Instagram және басқа да әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеп, өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді.