Red flag: Шетелдегі оқуын тастап кеткен келін сынға ұшырады

Ақлима Джақсыбекова
Фото: скрин

Әлеуметтік желіде Жазира Байырбекова мен Жанболат Жанай әулетіндегі қуанышты оқиға – ұлдарының үйлену тойы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТЫҢДАРМАН ТІКСІНІП ҚАЛДЫ

«Revue» бағдарламасына берген сұхбатында Қазбек жары Асылымен шетелде танысқанын айтты. Оның сөзінше, Асылы ол кезде шетелде білім алып жатқан.


- «Асылы шетелде оқып жүрген. Танысу үшін арнайы барып жолықтым. Қазір ол оқуын елімізде жалғастыратын болды. Біз ата-анамызбен бірге тұрамыз. Бөлек шығу немесе шетелге біржола көшу ойымызда жоқ», – деді Қазбек.


Жас жігіттің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Кейбірі бойжеткеннің шешімін сынға алды.


- «Өмір деген қызық-ай, біреу үшін шетелдегі оқуын тастап кеткені қалай? Оның үстіне ата-енесімен бірге тұрады екен. Қыздар, өтінемін, мұндай қателік жасамаңдар», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Сондай-ақ: 

- «Жігіт басым сөйлеп тұр, айтқанын істетеді көрініп тұр.  Қыз әлі жас, кішкентай, аңқаулығы басым сияқты махаббатқа басы айналып. Жастай тиген қыздар солай болады, өзіміз тәрбиелеп аламыз деді барған жері. Ақыл тоқтатып, оқуын оқып, табысы бар қызды алған басқаша. Олардың өз ойы болады әрқашанда. Меніңше де, шетелдегі білімін жалғастыру керек еді. Бірақ әрине өздері біледі»

- «Жазираның Mom-ский подкастында  қайын жұртынан көрген қорлығын естіп, кейін   болашақ келінін бөлек жіберіп, еркіндік беретін шығар, жолы болатын болды деп ойлап едім. Ондай емес сияқты ғой», - деген пікір де бар. 

 

Ал енді бір қолданушылар жағдайға басқаша көзқарас танытты.

- «Ауылдың келініне ұқсап отырады дейсіңдер ме?! Дубайда қалу әлі де қауіпті, өздері әрең жетіп еді ғой. Қазақстанда оқыса да, ең мықты университетте оқып, бала туса — бала күтуші қаратып, үйдің жұмысы болса — үй қызметшісі жасайды, 100 пайызға сенімдімін» 

- «Абу-Даби ма, Дубай ма – сол жақтардың бірінде оқыған сияқты. Мүмкін, қазіргі соғыс жағдайларына байланысты осындай шешімге келген болар»

- «Ред флаг қой, үндемей жүріп», – деген болжам да айтылды.

ДУБАЙДАН БАРАХОЛКАҒА ДЕЙІН

Екі жастың табысуына Асылының құрбысы Еркежан себепші болған. Инстаграм парақшасы арқылы Қазбек өзі жазып, аруды әйгілі әнші Ed Sheeranнің Абу-Дабидегі концертіне шақырған.

Концертке дейін ол теңіз жағасында кездесу ұйымдастырған.


- «Ойымда кездесу теңіз жағасында, күн батар сәтте өтсе деген тілек болды», – дейді Қазбек.

Қазбектің айтуынша, Асылыны алғаш көрген сәтте ол сұлулығына таңданып, «тілін жұтып қойғандай» күй кешкен.

Шетелдегі концерттен кейінгі кездесу Алматыдағы атақты «Барахолка» базарында өткен.

- «Барахолкадағы өмірді көрсетейінші деп алып келгем. Кейін Дубайға да барып, соғыс көрдік. Басымыздан біраз қызық оқиғалар өтті», – деп еске алады ол.

Ал тұрмысқа шығу туралы ұсынысты Қазбек Мальдив аралдарында жасағанын айтты.

ҚҰДА ҚҰДА ДЕГІЗГЕН…

Желіде тараған бейнежазбалардан белгілі болғандай, Жанболат пен Жазираның  құдалары — «МузАрт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбіловтің бажасы. Кенжебектің әйелі болашақ келіндерінің әпкесі екен. 
 
ҚАЛЫҢ МАЛ

26 наурыз күні Алматы қаласының сән-салтанатты орындарының бірі – Millennium мейрамханасында үйлену тойы өтті. Тойға 700-ден астам қонақ жиналған. Сондай-ақ  шара YouTube арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, көрермен саны 450 мыңнан асқан.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарағанда, жұлдызды жұп келінінің қалыңмалына 10 миллион теңге берген. 

Жазира Байырбекова өз парақшасында тойдың әр сәтінен кадрларды бөлісіп, қалыңдықты өнердегі әрі өмірдегі құрбылары Қарақат Әбілдина мен Бейбіт Сейдуалиеваның ортаға алып шыққанын көрсетті. Тойдың шымылдығын белгілі айтыскер, ақындар - Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан ашты.

Қалыңдық пен күйеу жігітке  қазақ өнерінің ақсақалы Алтынбек Қоразбаев бата берііп, жастарға бақыт тіледі. 

Салтанатты кеш барысында бағалы сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылып, тойдың басты жүлдесі – темір тұлпар (автокөлік) ұтысқа қойылды. Сонымен қатар, қонақтардың арасынан төрт адам шетелге демалуға арналған арнайы жолдамаларды жеңіп алды.