Әке-шешесі еркелетпеген балалар 30-дан асқанда қоғамнан теперіш көреді

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде психолог, ментор Айжан Төлеева ата-ана тәрбиесіне қатысты ойландыратын зерттеу нәтижесін бөлісті. Оның айтуынша, мінсіз ата-ана да, мінсіз бала да болмайды. Ең бастысы, махаббат, мейірім мен тәртіптің арасындағы тепе-теңдікті сақтау керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МАМАН НЕ ДЕЙДІ?

Маманның келтірген дерегіне сүйенсек, ғалымдар 30 жыл бойы ерекше тәжірибе жүргізген. 1995 жылы Стэнфорд университетінің зерттеушілері 150 ата-анамен келісім жасап, балаларын мүлде ұрыспай, жазаламай тәрбиелеуді ұсынады. Яғни, барлық мәселе тек жұмсақ сөйлесу арқылы шешілуі тиіс болған.

Алғашқы жылдар нәтижеcінде мұндай ортада өскен балалардың күйзеліс деңгейі төмен, ата-анамен қарым-қатынасы жақсы болған. Ғалымдар дәл осындай тәсіл «бақытты ұрпақ» қалыптастырады деп сенген.

Алайда уақыт өте келе жағдай күрт өзгерген.

Зерттеу нәтижесі бойынша, 30 жасқа жақындаған кезде қатысушылардың шамамен 40 пайызында қоғамға бейімделу қиындықтары байқалған. Олар конфликт жағдайында өзін ұстай алмайды, ал жұмыс орнындағы сын-пікірді жеке басына шабуыл ретінде қабылдайды.

Мамандар мұны қарапайым фактормен түсіндіреді: бала кезінде қатаң кері байланыс көрмеген адам шынайы өмірдің талаптарына дайын болмай шығады. Соның салдарынан мұндай адамдардың жеке қарым-қатынастары да тұрақсыз келеді. Алғашқы үлкен жанжалдың өзінде байланыс үзіліп, ортақ шешім табу қиынға соғады. Өйткені олар бұған дейін мұндай жағдайды бастан өткермеген.

Тағы бір маңызды мәселе – өзін-өзі бағалау. Зерттеуге қатысқан кейбір адамдар өздерін «ерекше» сезінгенімен, нақты жетістіктерге жете алмаған. Нәтижесінде өмірге деген реніш, әділетсіздік сезімі, тіпті депрессия белгілері байқалған.

«БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ШЕКТЕУДІҢ ДЕ МАҢЫЗЫ ЗОР»

Психологтар бала тәрбиесінде шектеудің де маңызы зор екенін айтады. Уақытында айтылған ескерту мен талап – баланың тұлғалық дамуына қажетті құрал. Ең бастысы, бала әрекетке берілген баға мен жеке тұлғаға берілген бағаның айырмасын түсінуі керек.

Яғни, «сен қате жасадың» деген сөз «сен жамансың» дегенді білдірмейді.

Мамандардың пікірінше, шекарасыз, тым «идеалды» тәрбие де зиян келтіруі мүмкін екен. Мұндай жағдайда бала «мені қандай болсам да қабылдайды» деген иллюзиямен өседі. Алайда шынайы өмірде бәрі басқаша екені анық. Қоғам әрдайым бейімделуді, жауапкершілікті және сынға төзімділікті талап етеді.

Сондықтан сарапшылар ата-аналарға баланы тек еркелетіп қана қоймай, оған өмірдің шынайы талаптарын да үйрету маңызды екенін ескертеді.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Балаға шектеу қою тәрбие ме, әлде қысым бола ба?