Ирандағы шиеленіс Кения шай экспортына соққы болды

Қалижан Бектемір
Фото: rns.online

Иран төңірегіндегі шиеленіс пен теңіз жолдарындағы қауіпсіздік мәселелері әлемдік шай экспортына кері әсерін тигізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Кенияда кеме қатынасының бұзылуына байланысты шамамен 8 миллион келі шай Момбаса портының қоймаларында жиналып қалған. Экспорттың тоқырауы салдарынан шығын көлемі артып, 1 наурыздан бері апта сайын 8 миллион долларға дейін жеткен.

Мамандардың айтуынша, мәселе негізінен Таяу Шығыс бағытындағы логистиканың қиындауымен байланысты. Бұл өңір Кения шайының негізгі нарықтарының бірі саналады. Жыл сайын ел шамамен 100 миллион келі шайды Таяу Шығыс мемлекеттеріне экспорттайды.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫСЫМ

Қалыптасқан жағдай шай өндірушілер мен экспорттаушыларға айтарлықтай экономикалық қысым түсіріп отыр. Егер теңіз тасымалы жақын арада қалпына келмесе, шығын көлемі одан әрі ұлғаюы мүмкін.