Шымкентте Қайрат Нұртас концертінің ұйымдастырушысы екі ай бойы үйқамақта болады. Қала прокуратурасы күдіктіні қамауда ұстаудан бас тартқан тергеу сотының шешіміне наразылық білдірмек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Прокуратура сот шешімімен келіспеді
Бұған дейін ер адам концерт кезіндегі адамдардың жаппай қысылуынан кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда тергеу соты күдіктіні қамауда ұстауға санкция бермей, оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
– Прокуратура сот қаулысына наразылық енгізеді, – деп хабарлады қадағалау органы.
Қайрат Нұртастың концерті 10 қазанда Шымкенттегі Мұнайтпасов атындағы стадионда өткен. Кіреберісте адамдар қысылып, оқиға түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұйымдастырушылар алаңның сыйымдылығынан әлдеқайда көп билет сатқан. Соның салдарынан адамдар жаппай жиналып, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төнген.
Қазір іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 306-бабының 2-бөлігі – «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бойынша тергеліп жатыр.
Зардап шеккендер туралы не белгілі?
Адамдардың қысылуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Шымкент денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның жағдайы тұрақты ауыр, өзгеріс жоқ.
Жалпы медициналық көмекке сегіз адам жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілген.
Полиция әлеуметтік желілерде тараған адам өлімі туралы ақпаратты да жоққа шығарды. Қаза тапқандар жоқ.
Тергеу жалғасып жатыр.