«Бізде жоқ, Таяу Шығыста бар»: Зеленский Батысқа батыл талап қойды

Анар Лепесова
фото: ашық дереккөзден

Украина Таяу Шығыс елдеріндегі THAAD кешендерін алғысы келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӨТЕ ҚЫМБАТ ЖҮЙЕ

Страна.ua басылымының жазуынша, Владимир Зеленский Украинаға Таяу Шығыс елдерінің иелігіндегі америкалық THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйелеріне қол жеткізгісі келеді.

«Бізде жоқ, бірақ ол елдерде бар баллистикалық зымырандарға қарсы жүйелерге үміт артамыз. Әңгіме THAAD және соған ұқсас кешендер жайлы. Мұндай жүйелер Еуропада да жоқ», — деді ол.

Басылымның мәліметінше, THAAD жүйесі өте қымбат: бір батареясының құны шамамен 1–2,7 млрд доллар болса, бір зымыраны 12–15 млн доллар тұрады.

Сондықтан мұндай қарудың Украинаға берілу ықтималдығы төмен. Әсіресе, Таяу Шығыс елдерінің өзіне Иран тарапынан соққы қаупі төніп тұрған кезеңде, деп жазады «Страна.ua».

АҚШ МҮДДЕСІ – БІРІНШІ ОРЫНДА

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының басталғанына бір айдан асты. Осы уақыт ішінде тараптар өзара соққы алмасып келеді.

Бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон қаруды Украинаға емес, Таяу Шығысқа жіберуі мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, алдымен АҚШ өз мүддесін басшылыққа алады — қажет болған жағдайда қордағы қаруды толықтыру немесе әскери міндеттерді орындау бірінші кезекте тұрады.