Қостанайда азаматтарды 123 млн теңгеге алдаған кәсіпкер сотталмайтын болды

Қалижан Бектемір
Фото: istockphoto.com

Қостанайда ондаған адамды алдап, 123 миллион теңгеден астам шығын келтірген кәсіпкер бас бостандығынан айырылмай, шартты жаза алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР АРЫЗДАРЫНАН НЕГЕ БАС ТАРТҚАН?

«Bolashak Construction Company KZ» ЖШС директоры Уәлихан Нысанов 2022–2024 жылдар аралығында өзіне тиесілі екі компания арқылы қызмет жүргізген.

Осы кезеңде ол «Семья» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге үлестік қатысу бойынша заңсыз алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасаған. Соның нәтижесінде 28 адам жәбірленіп, жалпы сомасы 123 миллион теңгеден асатын материалдық шығын келген.

Сот барысында Нысанов аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Алайда ол өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Сонымен қатар жәбірленушілер талап-арыздарынан бас тартып, қатаң жаза сұрамаған.

Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде айыпталушының шын жүректен өкінуін, шығынды өз еркімен өтеуін және кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескерді.

СОТ ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАДЫ?

Нәтижесінде оған 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанымен, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес жаза шартты түрге ауыстырылып, мерзімі 5 жыл 4 айға дейін қысқартылды. Сонымен қатар ол 5 жыл бойы құрылыс саласындағы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сотталушының жеке басын, жасаған әрекеттерінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жеңілдететін мән-жайлардың барын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот оған 6 жыл 8 ай мерзімге жаза тағайындады. Сондай-ақ 5 жыл мерзімге құрылыс саласында қызмет ететін коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырды. Алайда “Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заңға сәйкес негізгі жаза мерзімі шартты түрде 5 жыл 4 айға дейін қысқартылды, – деп хабарлады Қостанай облыстық соты.