Жанармай қымбаттады: ЕО жаңа салық енгізбек, ал Қазақстанда жағдай қалай?

Ақлима Джақсыбекова
Фото: sb.by

Еуропалық одақта жанармай бағасының қымбаттауына байланысты энергетикалық компаниялардың артық табысына салық енгізу ұсынылып жатыр. Ал Қазақстанда бұл тәжірибе бар ма? Тәуелсіз экономика сарапшы Ерлан Каримов жауап берді.

ЕУРОПАДАҒЫ САЛЫҚ МЕХАНИЗМІ

Жанармай бағасының өсуіне байланысты Австрия, Германия, Испания, Италия және Португалия билігі энергетикалық компаниялар тапқан артық табысты халықты қолдауға жұмсауды ұсынып отыр.

Аталған елдердің экономика және қаржы министрлері Еурокомиссияға ортақ салық механизмін шұғыл әзірлеу туралы өтініш жолдады. Мұндай тәжірибе бұған дейін 2022 жылы да қолданылған.

Жанармай бағасының өсімі әсіресе Италияда айқын байқалады. Елде дизель отынының орташа құны бір жылда 30,2 пайызға өсіп, литрі 2,13 еуроға жеткен. Соның салдарынан жол жүру шығындары орта есеппен 80 еуроға қымбаттаған.

Осыған байланысты Италия билігі жанармай нарығындағы бақылауды күшейтті. Бүгін дейін 1900-ден астам жанармай құю бекеті тексеріліп, 104 заңбұзушылық анықталған. Сонымен қатар, ірі көлемдегі жанармай тәркіленген.

ҚАЗАҚСТАНДА БҰНДАЙ ТӘЖІРИБЕ БАР МА?

Экономист Ерлан Каримовтың айтуынша, елімізде мұндай тетік заң жүзінде болғанымен, іс жүзінде кең қолданылмайды. Сарапшының сөзінше, басты себеп — энергетика секторындағы ірі компаниялардың мемлекетпен тығыз байланысы.

«Қазақстанда “сверхприбыль” деген ұғым бар, салық кодексінде де жазылған. Алайда неге мұндай тәжірибе кең қолданылмайды? Өйткені біздің энергетика саласындағы ірі компаниялар көбіне мемлекетке тиесілі немесе онымен тығыз байланысты», — дейді экономист.

Ерлан Каримов айтуынша, шетелдік мұнай компанияларымен жасалған жасырын келісімдер бар.

«Қазақстанда өндірілетін мұнай мен газдың шамамен 80 пайызы шетелдік компанияларға тиесілі. Инвесторлар өздерінің бүкіл шығындарын жаппайынша, Қазақстанға салық төлемейді. Компаниялар табыстарын жасыру үшін шығындарын асырып, салық төлемейді. Бұл үлкен мәселе, мұндай келісімдерді қайта қарау қажет», — дейді ол.

ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫ ӨСТІ

Каримов соңғы айларда бағаның айтарлықтай өскенін де атап өтті.

«Былтыр жазда АИ-95 бензинін 275 теңгеден құйсақ, қазір 312 теңге төлеп жүрмін. Жарты жылда шамамен 12 пайызға өсті. Бұл — өте көп. Өйткені жанармай бағасы барлық салаға әсер етеді, нәтижесінде инфляция өседі», — дейді экономист.

Бағаның өсуіне қатысты тағы бір фактор — мемлекеттік реттеудің әлсіреуі.

«Бұрын АИ-92 бензиніне субсидия берілетін, мұнай бағасын көтермес үшін. Кейін нарыққа жіберілді, содан бері баға біртіндеп өсіп жатыр», — дейді ол.

КОНТЕКСТ

Әлемдік нарықта мұнай бағасының қымбаттауына Ирандағы соғыс себеп болған. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Әуе шабуылы кезінде елді 37 жыл үздіксіз басқарған аятолла Әли Хаманеи қаза тапқан. Осыдан кейін Тегеран қарымта ретінде АҚШ-тың Тауя Шығыстағы әскери базалары мен одақтастарын және Израильді атқылап, Ормуз бұғазын жауап тастаған. Бұл бұғаз арқылы әлемдік нарықтағы мұнайдың 20 пайызы өтеді.