Әлеуметтік желідегі жазбалардың 18%-ы ғана қарапайым адамдарға тиесілі

Ulysmedia
Фото: haber7.com

Әлеуметтік желідегі жазбалардың небәрі 18%-ын ғана қарапайым адамдар жазады. Ал қалған бөлікті блогерлер мен жарнама берушілер толықтырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖЕЛІ ЖАРНАМА АЛАҢЫНА АЙНАЛҒАН

Қазір әлеуметтік желілердің басты мақсаты адамдарды бір-бірімен байланыстыру емес, қолданушының назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап тұруға ауысқан. Мұндай қорытындыны британдық Мемлекеттік саясат жөніндегі зерттеулер институты жасаған.

Зерттеу көрсеткендей, әлеуметтік желіде алдымен көрінетін жазбалардың тек 18%-ы ғана сіздің таныстарыңыз бен достарыңызға тиесілі. Ал қалған бөлігі:

  • 35% – блогерлер мен платформаның өз ұсыныстары
  • 29% – жарнама

Яғни, бүгінде қолданушы көбіне өз ортасының емес, алгоритм ұсынған контентті көреді.

 

ОЙЫН-САУЫҚ СЕРВИСІ 

«Қызығушылыққа қарай ұсынылатын» контент адамдардың әлеуметтік желіде өткізетін уақытын айтарлықтай арттырады. Мысалы, 18-34 жас аралығындағы қолданушылар TikTok желісінде айына шамамен 1470 минут өткізсе, WhatsApp қосымшасында небәрі 510 минут уақыт жұмсайды. Бұл – ойын-сауыққа арналған контенттің адамдарды көбірек тартатынын көрсетеді.

Марк Цукерберг те әлеуметтік платформалардың біртіндеп байланыс құралы емес, ойын-сауық сервистеріне айналып бара жатқанын айтқан.

Сонымен қатар, алгоритмдер көбіне көп қаралым жинайтын, яғни вирал болатын контентті алға шығарады. Әдетте бұл – жанжал, дау-дамай немесе байлық пен сән-салтанатты көрсететін материалдар.

Соның салдарынан маңызды тақырыптар екінші орынға сырғып, адамдардың шынайы әлеуметтік байланыстары әлсіреген.

Зерттеу қорытындысында, әлеуметтік желілер адамдарды жақындастырудан гөрі, олардың назарын ұстап тұратын платформаларға айналып бара жатыр.