Дәрігер кеңесі: Көктемде иммунитетті қалай күшейтеміз

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Дәрігер Ақбота Сейтмағұлова иммунитетті қатайтуға көмектесетін кеңестерін ұсынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КӨКӨНІС ПЕН ЖЕМІС-ЖИДЕК ЖЕГЕН ЖӨН

Дәрігердің айтуынша, дәрумендер мен микроэлементтер иммунитет жұмысына тікелей әсер етеді. Сол себепті күнделікті ас мәзірі алуан түрлі әрі теңгерімді болуы тиіс.

Көктемде маусымдық көкөністер мен жемістерді көбірек тұтыну ұсынылады. Сонымен қатар пайдалы майлар мен ақуыздарды да естен шығармаған жөн. Әсіресе А, Е және С дәрумендеріне бай тағамдарға назар аудару қажет.

А дәрумені иммунды жасушалардың зиянды бактерияларды жою қабілетін арттырады. Е дәрумені – күшті антиоксидант. Ал С дәрумені темірдің сіңуіне көмектесіп, ағзадағы жарақаттардың тез жазылуына ықпал етеді, – дейді маман.

СПОРТ, СЕРУЕНДЕУ

Иммунды жасушалар ағзада қан және лимфа арқылы қозғалады. Егер қозғалыс аз болса, бұл жүйелердің жұмысы баяулайды.

Сондықтан дәрігер күнделікті физикалық белсенділікті ұмытпауға кеңес береді. Аптасына бірнеше рет спортпен шұғылданып, қалған күндері серуендеуге уақыт бөлу пайдалы.

ҚАНША САҒАТ ҰЙЫҚТАУ КЕРЕК?

Толыққанды ұйқы иммунитет үшін аса маңызды. Күніне шамамен 7–8 сағат ұйықтау ұсынылады. Ұйқы жетіспесе, ағзаның қорғаныш қабілеті әлсірейді.

Сонымен қатар ұйқы режимін сақтау да маңызды. Әр күні бір уақытта жатып, бір уақытта ояну ағзаның дұрыс қалпына келуіне көмектеседі. Ұйықтар алдында ауыр тамақтан, гаджет қолданудан және қарқынды жаттығудан бас тартқан жөн.

ЖЕКЕ ГИГИЕНАҒА МӘН БЕРГЕН ДҰРЫС

Көктем мезгілінде тұмау мен түрлі инфекциялар жиілейді. Сондықтан жеке гигиенаға ерекше мән беру қажет.

Дәрігер үйді жиі желдетіп, ылғалды тазалық жүргізуді, ауаны ылғалдандыруды ұсынады. Сондай-ақ сырттан келгенде қолды мұқият жуу әдетін қалыптастыру маңызды.