Танымал жылжымайтын мүлік сайттарының бірінде Астанадағы ең белгілі ғимараттардың бірі – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын сату туралы хабарландыру пайда болды. Бұл ақпарат желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жарнамада сатушы өзін нысанның иесі ретінде таныстырып, елорданың Нұра ауданында орналасқан бөлек тұрған, еркін мақсаттағы ғимарат сатылатынын көрсеткен. Хабарландыруда нысанның жалпы аумағы шамамен 15,8 мың шаршы метр екені, оның ішінде 800 шаршы метрі паркингке тиесілі екені жазылған. Сонымен қатар маңында ашық автотұрақ бар екені және аумақты қоршауға мүмкіндік қарастырылғаны айтылған. Нысанның бағасы – 17,5 млрд теңге деп көрсетілген.
Алайда біраз уақыттан кейін бұл хабарландыру сайттан өшірілген. Осыған байланысты Ulysmedia.kz редакциясы сауда орталығының баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.
КОНТЕКСТ
«Хан Шатыр» – елорданың ең танымал сәулет нысандарының бірі. Оның жобасын әйгілі британдық сәулетші Норман Фостердің архитектуралық бюросы әзірлеген. Ғимарат алып шатыр пішінінде салынған және шпилімен қоса есептегенде биіктігі шамамен 150 метрге жетеді.
Сауда-ойын-сауық орталығы 2010 жылы пайдалануға берілген. Ол әлемдегі осындай ірі нысандардың қатарына кіреді және халықаралық рейтингтерге еніп, Гиннестің рекордтар кітабына да тіркелген.
Кешен құрылысын түркиялық Sembol Construction компаниясы жүргізген. Ашық деректерге сәйкес, нысан Rixos Hotels желісінің негізін қалаушы әрі Sembol компаниясының президенті Феттах Таминдже бизнесімен байланысты. Қазіргі таңда сауда орталығының бас директоры – Энгин Асралан.
Айта кетейік, 2024 жылы Асралан қымбат сыйлығы арқылы көпшіліктің назарын аударған болатын. Ол жұбайына құны шамамен 16 млн теңге тұратын, қос қатар гауһар тастармен безендірілген Cartier білезігін сыйлаған. Сонымен қатар оның отбасы елордадағы элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде тұратыны белгілі