Батыс Қазақстан облысында өзеннен жүздеген ақбөкеннің өлексесі табылды

Қалижан Бектемір
Фото: видеодан скриншот

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы Сарыөзен өзенінен ақбөкендердің өлекселері табылды6 деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

“Жетінші” телеарнаcының мәліметінше, мамандар қысқы көші-қоннан кейін әлсіреген ақбөкендердің қырылуы табиғи құбылыс екенін айтқан.

Қазір мамандар жануарлардың өлекселерін жинап, жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге 1600-ден астам өлексе анықталған. Мұндай жағдай көктем мезгілі келген сайын жыл сайын байқалады. Кейбір жылдары олардың саны 5 мыңнан да асып кеткен.

Жануарлардың нақты неден қырылғаны және олардың адамдарға қауіп төндіре ме, жоқ па қазір анықталып жатыр. Тиісті сынамалар алынып, ветеринариялық зертханаға жіберілді. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша, Орал популяциясындағы ақбөкендердің саны 2 миллион 300 мыңға жеткен. Жақын арада олардың нақты саны белгілі болады. Келесі аптада өңірде жануарларды есепке алу жоспарланған, – делінген хабарламада.

АҚБӨКЕН САНЫН РЕТТЕУ

Айта кетейік, 2025 жылы үкімет қаулысымен ақбөкендердің санын реттеу жұмыстары жүргізілген.

Жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Кәдешевтың айтуынша, ақбөкендердің санын реттеу нәтижесінде табиғи ортадан 108 мыңнан астам жануар алынды.

Жұмыстарға 15 ет комбинаты мен сою цехтары қатысты. Бұл, әрине, өз әсерін тигізеді. Мысалы, егер аналық ақбөкен жылына екі төл әкелетінін, олардың шамамен 60%-ы аналық екенін ескерсек, жалпы саны шамамен үш есеге дейін азаюы мүмкін, - деді Қайрат Кәдешев.