«Киіктерді қорыққа алып кетсін!»: Қарағанды облысында мал жаппай қырылып жатыр

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Қарағанды облысы Нұра ауданының Баршын ауылында мал жаппай қырылып жатыр. Өңірде киік қаптап, төрт түлік жейтін шөп қалдырмаған. Ulysmedia.kz редакциясына жүгінген ауыл тұрғындарының айтуынша, шаруалар аштықтан қырылған малдың өлексесін жинап үлгерер емес.  

90-110 МЛН ТЕҢГЕ ШЫҒЫН

Ulysmedia.kz редакциясына жүгінген баршындықтар жағдайларының мүшкіл екенін айтады. Малмен жан бағып отырған халық көп жылқысынан айырылған. Үкімет киіктерге қатысты шара қолданбаса, ауылда тұратын адам қалмауы мүмкін дейді олар.

«Біздің өңір – көп жылдан бері киік тоқтап, лақтайтын мекендердің бірі. Көп жыл бойы табиғи ресурстар киікті де, ауыл малын да асырауға жеткілікті  болатын. Алайда соңғы жылдары жауын аз, шығып жатқан шөптің бәрі киіктен артылар емес. Малға жайылым қалмады. Қыста ауылда көп жылқы қырылды. Тұрғындарға 90-110 миллион тенге шығын келді. Бұл көзіміз көрген өлексенің ғана есебі. Қырылған малдың небары 30%-ы ғана жиналды», – дейді Жанболат есімді ауыл тұрғыны.

Оның айтуынша,  3-4 үйір мал ұстаған адамдарда қазір бір-ақ үйір жылқы қалған. Мал басын көбейтем деп шаруашылығына қаншама қаржы құйған, маңдай терін төккен шаруалар еңбектерінің еш кеткеніне налиды.

«Ауыл тұрғындары жиналып, киіктерді аулаққа айдап тастаймыз. Бірақ 2-3 күннен кейін қайта келеді. Саны 20 мыңнан асып жығылады. Шөп болмаған соң жылқылар айдалаға босып кетті. Әрі қарай бұлай жалғаса берсе, ауылда тұрудың да жөні қалмайтын шығар», – дейді олар шарасыздықтан.  

ӨЛЕКСЕЛЕР ӨРТЕЛІП ЖАТЫР

Өзін Анас Мирас деп таныстырған тұрғынның сөзінше, әр жерде өліп жатқан малды жинау үшін баршындықтар трактор жалдап, өлекселерді ауыл сыртына апарып өртеген. Олардың көзін дереу жоймаса, ауру көбейеді деп алаңдайды. Әзірге тек 70 бастан астам мал өртелген. Әлі табылмағаны қаншама.  

Тұрғындар ауылдағы жағдайды аудан басшылығына да, «Охотзоопромға» де жеткізген. Алайда әлі күнге дейін ешкім мәселені шешуге құлық танытпаған.

«Құзырлы органдар киіктерге ие болсын! Мемлекеттік қорыққа алып кетсін. Бұл төтенше жағдай! Үкіметтік деңгейде көтеру керек. Ауданнан, облыстан бір адам келіп жағдайды сұраған жоқ. Әншейінде дәрілеу керек, ет тапсыру керек деп қылқылдап хабарласады. Айыппұл саламыз деп желкеден алатын. Осындай кезде көрмеген, білмеген болып қалады», – деп кейіді ауыл ақсақалдардың бірі.

Баршындағы ахуалдың қалай реттелетінін шенеуніктерден сұрау үшін Нұра ауданының әкімдігіне хабарластық. Байланысқа шыққан қызметкер мән-жайды жауаптылардан сұрап, қайта хабарласуға уәде берген. Алайда шенділерден күні бойы жауап ала алмадық. Бәлкім, мәселенің Қарағанды асып, Астанаға жеткенін, сол жағалаудан пәрмен келгенін күтіп отырған болар.