Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында соңғы тоқсанда мұнайдан түскен кіріс жайлы есеп берді, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.
Ол Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуына байланысты әлемдік мұнай нарығында баға құбылмалы болғанын айтты. Өткен тоқсанда мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,6 доллар деңгейінде қалыптасты.
«Сонымен қатар, қолданыстағы бюджетте мұнай бағасының өсуінен түсетін негізгі қосымша кіріс Ұлттық қор есебінде жинақталатынын атап өткен жөн, себебі заңнамаға сәйкес мұнай кірістерінің басым бөлігі дәл сол қорға бағытталады. Республикалық бюджетке қаражат ең алдымен мұнайға экспорттық кедендік баж салығы арқылы түседі. Ол — қосымша 40,5 млрд теңге. Сонымен бірге теңгенің нығаюы республикалық бюджет кірісіне кері әсер етті», – деді Такиев.
Оның айтуынша, өткен тоқсанда қалыптасқан орташа айырбас бағамы 1 доллар үшін 497,7 теңге болып, болжамдағы 540 теңгемен салыстырғанда бюджет түсімдері шамамен 146 млрд теңгеге кеміген.
«Осылайша, сыртқы баға конъюнктурасы, соның ішінде валюта бағамындағы айырмашылық республикалық бюджет кірістерін шектейтін негізгі фактор болды», – деп қорытындылады министр.
Мұны қалай түсінеміз?
Қазақстан экономикасы көп жағдайда шикізат секторына, әсіресе мұнай экспортына тәуелді. Мемлекеттік бюджет кірістерінің басым бөлігі мұнайдан түсетін ақша есебінен қалыптасады, ал бұл қаражат негізінен шетел валютасында — доллармен келеді.
Сондықтан доллар бағамы бюджетке тікелей әсер етеді. Доллар теңгеге шаққанда қымбаттаған кезде, экспорт көлемі өзгермесе де, бюджетке түсетін қаражат көлемі артады. Ал керісінше, доллар арзандаса, валюта түсімінің теңгедегі құны төмендеп, бюджет кірісі азаяды.
Бұл жағдай шикізатқа тәуелді экономиканың ерекшелігін көрсетеді. Оның тұрақтылығы тек ішкі факторларға емес, сонымен қатар әлемдік мұнай бағасы мен валюта бағамдарының өзгерісіне де тәуелді. Соның салдарынан бюджет сырт өзгерістерге осал болып, ұзақ мерзімді жоспарлауды қиындатады.
Шешімі қалай?
Мәселе мұнай табысының өзінде емес, оның экономикадағы үлесінің тым жоғары болуында. Экономика жеткілікті деңгейде әртараптандырылмағандықтан, шикізат пен валюта нарығындағы кез келген өзгеріс мемлекет кірісіне бірден әсер етеді. Сондықтан стратегиялық тұрғыда шикізаттық емес салаларды дамыту және бюджет кірістерін әртараптандыру аса маңызды.