Отандасымыз Санжар Тайжан Ұлыбритания Үкіметінің қолдауымен жаңа жоба бастамақ. TaiSan компаниясына DRIVE35 бағдарламасы аясында £1 млн қаржы берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖОБА НЕ ЖАЙЛЫ?
Жас инженер «сүйінші» хабарды әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, TaiSan компаниясы 9 сәуір күні Ұлыбритания Үкіметінен DRIVE35 бағдарламасы аясында гранттық қаржыландыру алған. Бұл жоба CPI (Centre for Process Innovation) ұйымымен серіктестікте жүзеге асырылады және электролиттер мен аккумулятор ұяшықтарын өндіруді автоматтандыруға бағытталған. Жобаның жалпы құны шамамен £1 млн.
Аталмыш бастама Ұлыбританияның Бизнес және сауда департаменті тарапынан, сондай-ақ Advanced Propulsion Centre UK және Innovate UK ұйымдарымен серіктестікте жүзеге асырылуда. DRIVE35 бағдарламасы – нөлдік эмиссиялы көлік құралдарын дамытуға және Ұлыбританияның автомобиль жеткізу тізбегін нығайтуға бағытталған £4 миллиард көлеміндегі мемлекеттік инвестицияның бір бөлігі.
Осылайша TaiSan жетекшілік ететін жоба электролиттерді дайындау және аккумулятор ұяшықтарын өндіру үшін озық автоматтандыру шешімдерін әзірлейді. Бұл – энергия сақтау технологияларын ауқымды өндіріске енгізудің маңызды құрамдас бөлігі. Өндіріс тиімділігін, сапасын және масштабталуын арттыру арқылы жоба Ұлыбританияның нөлдік эмиссиялы көлікке көшуін жеделдетуді көздейді.
САНЖАР ТАЙЖАН КІМ?
Санжар Тайжан – танымал инженер, еліміздегі «100 жаңа есім» жобасының төртінші кезеңінің жеңімпазы, Warwick Boring негізін қалаушы әрі бас инженері.
Жас инженер қазақстандықтарға сонау 2019 жылы Илон Маск пен оның HyperLoop жобасы үшін бұрғылау машинасының прототипін құрастырған маман ретінде жақсы таныс. Ол 2021 жылы TaiSan стартапын құрды. 2022 жылдың желтоқсанында TaiSan әлемдегі ең ірі электрлік ұшақтарды шығаратын Vertical Aerospace компаниясымен аккумуляторлық бөліктерді дамытуға қолдау көрсету туралы келісімшартқа отырды. Бұл нөлдік эмиссиясыз ұшақтар шығаруды көздеп отырған британдық компания.
Стартап британдық Үкіметтен, қорлардан және мемлекеттік органдардан 520 000 доллар көлемінде қаржылық қолдау тапты. Компания бірнеше автокөлік компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
2023 жылдың күзінде Ұлыбританияның көлік министрлігі TaiSan стартапын 67 өтініш берушінің ішінен таңдап, «2023 жылдың ең перспективалы жобасы» деп таныған.