Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінен журналистерді қудалауды тоқтатуды сұрады

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан президенті Қасымомарт Тоқаевқа журналистерді қудалауды тоқтату туралы үндеу жолдады. Олардың пайымдауынша, елдегі тәуелсіз медиа құралдарына жасалып жатқан қысым деңгейі артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТӨРТ ЖУРНАЛИСТ ҮЙҚАМАҚҚА АЛЫНҒАН

Журналистерді қорғау комитеті, Норвегия Хельсинки комитеті, Халықаралық құқық қорғау серіктестігі, Civil Rights Defenders, Халықаралық баспасөз институты және Freedom For Eurasia Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа журналистерді қуғындауды тоқтату және тергеудегі БАҚ өкілдерін босату туралы үндеу жолдады.

Президентке жолданған хатта ұйымдар Қазақстандағы журналистерді қудалау толқынына және тәуелсіз БАҚ-қа қысымның күшеюіне алаңдаушылық білдірген. Олардың мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанынан бастап төрт журналист үйқамаққа алынған, оның үшеуіне Қылмыстық кодекстің 274-бабы (жалған ақпарат тарату) бойынша айып тағылған. Үндеу авторлары бұл баптың тұжырымдамасы тым ауқымды екенін және журналистер кінәлі деп танылған жағдайда, олардың үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін атап өтті.

Ұйымдар Тоқаевты кәсіби қызметіне байланысты қылмыстық қудалауға ұшыраған барлық журналистерді босатуға және олардан айыптарды алып тастауға, тұжырымдамасының кеңдігіне байланысты теріс пайдалануға мүмкіндік беретін 274-бапты декриминализациялау (қылмыс санатынан алып тастау) процесін бастауға, сондай-ақ БАҚ бостандығы мәселелерін талқылау үшін халықаралық құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен кездесу ұйымдастыруға шақырды.

ҚУДАЛАУ КӘСІБИ ҚЫЗЫМЕТПЕН БАЙЛАНЫСТЫ БОЛУЫ МҮМКІН

Үндеу авторлары ең алаңдатарлық оқиғалардың қатарына Orda.kz порталының бас редакторы Гүлнар Бажкенованың ісін жатқызады. Ол 2025 жылдың желтоқсанынан бері жалған ақпарат таратты деген айыппен үйқамақта отыр. Олардың пікірінше, бұл қудалау журналистің кәсіби қызметімен байланысты болуы мүмкін.

Басқа жағдайлардың ішінде олар KazTAG бас редакторы Әмір Қасеновтің ісін ерекше атап өтті. Ол да 2025 жылдың желтоқсанынан бастап жалған ақпарат тарату ісі бойынша үйқамақта болған. Сондай-ақ, хатта шабуылдан кейін тұтқындалып, кейінірек үйқамаққа ауыстырылған агенттік бас директоры Әсет Матаевтың жағдайы да тілге тиек етілген.

Хат авторларының пікірінше, биыл наурыз айында осыған ұқсас айыппен үйқамаққа алынған журналист Ботагөз Омарованың ісі де оның жарияланымдарымен байланысты болуы мүмкін екені бөлек атап өтіледі.

Олар сондай-ақ сәуір айында жалған ақпарат тарату ісі бойынша ұсталып, жауап алынған «Просто журналистика» басылымының негізін қалаушы Лукпан Ахмедьяровтың ісіне назар аударды. Құқық қорғаушылар бұл жағдайдың да саяси астары болуы мүмкін екенін атап өтті.

БАҚ ЖҰМЫСЫ ҚИЫНДАП БАРАДЫ

«Жалпы алғанда, қысымның күшеюі тәуелсіз қазақстандық БАҚ-тың жұмысын барған сайын қиындатып барады», – деп баға береді құқық қорғау ұйымдары.

Хатта сонымен қатар «Азаттық радиосының» журналистеріне «жалған ақпарат» деген сылтаумен айлап аккредитация бермеу және ResPublika басылымын бұғаттау сияқты шаралар БАҚ жұмысына кедергі келтіруге бағытталғандығы айтылған. Сонымен қатар, 30 наурызда жабылғанын жариялаған Airan медиажобасы да тілге тиек етілді. Жоба өкілдері қаржыландыруды тоқтату мақсатында демеушілерге қысым жасалғанын хабарлаған болатын. Бұдан бөлек, құқық қорғау ұйымдары БАҚ-тың жүйелі түрде кибершабуылдарға тап болатынын, ал журналистер мен редакциялардың әлеуметтік желілердегі аккаунттары мен жарияланымдары бұғатталып немесе өшіріліп жатқанын атап өтті.

«Осы шабуылдардың барлығы жиылып келіп, баспасөзде қорқыныш пен өзін-өзі цензуралау атмосферасын қалыптастыру қаупін тудырады», – деді ұйымдар.