Ресейдің Мемлекеттік думасы шетелде “қамауға алынған немесе қудаланған” азаматтарды қорғау үшін Қарулы күштерді қолдануға мүмкіндік беретін заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құжатқа сәйкес, егер шетелдік құқық қорғау органдары ресейліктерді ұстап, оларға қарсы қылмыстық іс қозғап, ал Мәскеу мұны заңсыз деп есептесе, әскердің араласуына мүмкіндік қарастырылады. Сонымен қатар, заң жобасында қудалауды заңсыз деп танудың нақты критерийлері көрсетілмеген. Бұл түрліше түсіндіруге жол ашып, Ресейден тыс жерде күш қолданудың құқықтық негізін кеңейтуі мүмкін.
Заң жобасын 413 депутат қолдап дауыс берді, қарсы немесе қалыс қалғандар болған жоқ. Енді құжат екінші және үшінші оқылымнан өтіп, кейін Федерация кеңесінде қаралады.
Жаңашылдық
Аталған нормалар Ресейдегі “Қауіпсіздік туралы” заңның 8-бабын толықтырады. Бұл бапқа сәйкес, егер шетелдік немесе халықаралық органдар Ресейдің мүддесіне немесе қоғамдық құқықтық тәртібінің негіздеріне қайшы шешімдер қабылдаса, президент елді және оның азаматтарын қорғау үшін шаралар қабылдай алады.
Алайда жаңа заң жобасында Қарулы күштердің қатысуы нақты көрсетілген — бұл Кремль үшін бұрын-соңды болмаған қадам.
– Ұсынылып отырған реттеу ресейлік азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ ресейлік ұйымдарды шетелдік заңсыз әрекеттерден қорғауға және русофобия науқанына қарсы тұруға ықпал етеді, – деді Мемлекеттік думадағы қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов.
– Заң жобасы мемлекеттік органдардың, соның ішінде Ресей Қарулы күштерінің, халықаралық соттар мен шетелдік мемлекеттердің шешімдеріне сәйкес қамауға алынған, ұсталған немесе қылмыстық қудалауға ұшыраған РФ азаматтарын қорғау үшін қажетті шараларды қолдануын көздейді, – деп толықтырды Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Анна Цивилева.