Бүгін Астанада бір топ белсенді жаңа партия құратындары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саяси қозғалыстың Инстаграмдағы парақшасында оның міндеті мен мақсаты былай деп жазылған:
«Біз 2026 жылғы 15 сәуірде Астанада «Әділет» саяси партиясын құру ниетімізді ресми жарияладық. Бұл – әділетті, ашық әрі тең мүмкіндіктерге негізделген қоғам құруға деген ортақ ұмтылысымыздың көрінісі. Біз прогрессивті реформаларды қолдаймыз және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды біріктіргіміз келеді.
Басты мақсатымыз – Жаңа Конституция қағидаттарына сүйеніп, әр азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау, заң үстемдігін нақты қамтамасыз ету. Біз үшін 2026 жылғы референдумда қабылданған шешімдер – тек құжат емес, орындалуы тиіс нақты міндет.
Біз ӘДІЛДІК, ПАТРИОТИЗМ, ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ, ЖАУАПКЕРШІЛІК және ПРОГРЕСС құндылықтарына сүйенеміз. Тең мүмкіндік, тәуелсіз сот, әділ экономика – біздің негізгі бағытымыз», делінген онда.
16 адамнан құралған бастамашыл топ ашық диалогқа дайын екендерін және қоғамның белсенді бөлігін осы жолға бірге қосылуға шақыратындарын жазған.
16 сәуірде ҚР Әділет министрлігінде партияны тіркеу рәсімі басталады.
«Мен жаңа «Әділет» партиясын құру бастамашыларының бірімін. Біздің мақсатымыз – әділетті және баршаға тең мүмкіндік ашатын Қазақстанды нығайту. Біз әр азаматтың үні естілетін, мүддесі еленетін, заң үстемдігі күмәнсіз, білім мен еңбек арқылы табысқа жетуге болатын қоғам қалыптастыруды көздейміз.
«Әділет» партиясы – өзгерісті қалайтын және оны ақылмен, жүйелі түрде жүзеге асырғысы келетін азаматтардың таңдауы. Біз бірге әділ қоғам, әлеуеті зор Ел құра аламыз!»,- деп жазды бастамашыл топ мүшелерінің бірі Рауан Кенжеханұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында.